Қоғам дамуының деңгейін айқындайтын басты өлшемдердің бірі – тазалық пен тәртіп. Әрбір өркениетті ел ең алдымен қоршаған ортаның жағдайына, табиғаттың тазалығына ерекше мән береді. Осы орайда елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы – елдің экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Бұл бастама әр азаматты табиғатқа жанашырлық танытуға, өз ортасын таза ұстауға үндейді. Қала көшелерін, ауыл-аймақты, саябақтар мен қоғамдық орындарды тазарту – тек қоқыстан арылту емес, ол адамдардың өмір салтына айналуға тиіс дәстүр. Тазалық – мәдениеттің айнасы, ал мәдениеті жоғары қоғам – өркениетті елдің басты бейнесі.
Экологиялық сана қалыптастырудың тәрбиелік мәні де зор. Балалар мен жастарды табиғатқа қамқор болуға баулу – олардың болашақта туған жеріне жанашыр, елжанды азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан сенбіліктерге отбасымен қатысу, мектеп пен еңбек ұжымдарының белсенділігі – ортақ іске қосылған үлкен үлес.
Сонымен бірге, тазалық тек сыртқы ортамен шектелмейді. Таза қоғам – ойы да, санасы да, өмірге деген көзқарасы да айқын, парасатты қоғам. Әрбір адамның күнделікті қарапайым іс-әрекеті – қоқысты жерге тастамау, айналасын таза ұстау, табиғатты қорғау – үлкен мәдениеттің бастауы болып саналады.
Өркениетті мемлекет – өз халқының табиғатқа жанашырлығымен, қоғамдық орындардың тәртібімен, ортасының тазалығымен ерекшеленеді. Сондықтан «Таза Қазақстан» тек акция ғана емес, ол – баршамыздың өмір салтымызға айналуы тиіс құндылық.
Таза қоғам – ұлт саулығының кепілі, жарқын болашақтың негізі. Әрқайсымыз қарапайым ісіміз арқылы осы ортақ мақсатқа үлес қоссақ, елімізді өркениетті мемлекет ретінде әлемге таныта түсеміз.
Иманбекова Акмарал Елибаевна
«AMANAT» партиясының «Мәдениет»
БПҰ төрағасы