Білікті маман – берекелі өмірдің кепілі

2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануы – еңбек адамына деген құрметтің айқын көрінісі. Бұл бастама кәсіби-техникалық білімнің қоғамдағы орнын арттырып, жастарды нақты мамандық таңдауға ынталандыруды көздейді.

Бүгінгі таңда ел экономикасының негізгі тірегі – түрлі салада еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандар. Құрылыс алаңындағы шебер құрылысшыдан бастап, жер қойнауын игеріп жүрген кеншілерге, ауыл шаруашылығындағы диқандар мен механизаторлардан бастап, өндіріс орындарындағы инженерлерге дейін – бәрі де қоғам игілігі үшін адал еңбек етуде. Олардың күнделікті қажырлы еңбегі еліміздің дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда ерекше рөл атқарады.

Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу – бұл жай ғана еңбекке құрмет көрсету емес. Ол – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды бағыт. Жастарды нақты кәсіпке баулу арқылы олардың болашағына жол ашылады, тұрақты табыс пен сенімді өмір сүру мүмкіндігі қалыптасады. Осы тұрғыда мемлекет кәсіби-техникалық білім беру жүйесін жетілдіру, дуалды оқыту аясын кеңейту, өндірістік тәжірибені күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда.

Сонымен қатар, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамының еңбегін насихаттауға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, озат жұмысшылардың жетістіктері халыққа кеңінен таныстырылуда. Мұның барлығы жас ұрпаққа үлгі болып, адал еңбектің қадірін ұғындыруға септігін тигізеді.

Шын мәнінде, білікті маман – тек кәсібінің иесі ғана емес, ол ел дамуының тірегі, қоғамның тұрақтылығы мен берекесінің кепілі. Сондықтан еңбек адамына құрмет көрсету – баршамыздың ортақ парызымыз.

Тажитова Алтын Зарубаевна 

Қаражал қаласының білім бөлімінің әдіскері