«Таза бейсенбі» – экологиялық мәдениеттің жаңа тынысы

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде игілікті істер жалғасын табуда. Соның ішінде Қаражал қаласында да партия бастамасымен қолға алынған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Бұл шараның басты мақсаты – туған жердің табиғи ортасын сақтап қана қоймай, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Кезекті акция осы аптада Абай көшесінен бастап Жәйрем кентінің шығаберісіне дейінгі аумақта ұйымдастырылды. Қаладағы бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, жас еріктілер мен жергілікті тұрғындар бірігіп, қала тазалығына үлес қосты.

Таңғы мезгілден басталған шараға 40-тан астам адам қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға арналған ортақ еңбектің үлгісін көрсетті. Тазалық жұмыстарының нәтижесінде бір тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы полигонға шығарылды. Бұл – тұрғындардың белсенділігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің айқын көрінісі.

Акцияға қатысқан қала тұрғындары өз ықыластарын білдіріп, мұндай бастаманың жүйелі түрде жалғасып отырғанына ризашылықтарын жеткізді.

– Қоршаған орта – бәріміздің ортақ үйіміз. Таза көшелерде, таза ортада өмір сүру – әрбіріміздің міндетіміз. Сондықтан, осындай іс-шаралар жастарды да, ересектерді де табиғатты аялауға, туған қаласын сүйіп, құрметтеуге баулиды, – дейді шараға қатысқан ерікті жастар бір ауыздан.

«Таза бейсенбі» акциясы Қаражалда жыл бойына жалғасын тауып келеді. Әр апта сайын қала мен кент аумақтарында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіліп, жасыл аймақтарды абаттандыруға назар аударылуда.

Бұл бастама – экологияны қорғаудың, халықты ортақ іске жұмылдырудың тиімді жолы. Жергілікті билік пен қоғам белсенділері алдағы уақытта да тазалық акцияларын кең көлемде ұйымдастырып, қала тұрғындарын табиғатты қорғауға үндей бермек.

Қаражал қаласында жалғасып жатқан «Таза бейсенбі» – тек қоқыс жинау шарасы ғана емес, қоғамның экологиялық санасын арттыратын, болашаққа деген жауапкершілікті күшейтетін маңызды бастама.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ