Ынтымақтастықты нығайтатын маңызды бағыт

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына жаңа экологиялық және санитарлық-гигиеналық ережелер енгізу туралы ұсыныс жасады. Бұл – дер кезінде көтерілген, стратегиялық маңызы бар бастама.

Бүгінде табиғи ресурстарды, әсіресе, суды тұтыну мәдениеті қоғамымызда өте төмен деңгейде екені жасырын емес. Бұл мәселені шешу тек техникалық емес, мәдени-идеологиялық тұрғыдан да үлкен жұмыс жүргізуді талап етеді. Әсіресе, жастар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру – ел болашағына салынған инвестиция.

Су – тек табиғи ресурс емес, бұл – экономиканың күретамыры, ауыл шаруашылығының тірегі, халықтың әл-ауқаты мен денсаулығының кепілі. Сондықтан, су саласын цифрлық жаңғырту мен басқару – ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі маңызды міндет.

Соңғы жылдары елімізде су саласын институционалдық тұрғыда күшейту бағытында нақты қадамдар жасалды: Су кодексі қабылданып, арнайы министрлік құрылды. Ендігі міндет – бұл құрылымдарды нақты нәтижеге бағыттап, жүйелі жұмыс жүргізу.

Су ресурстарын тиімді басқару үшін цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектті қолдану – болашақтың емес, бүгіннің талабы. Су есепке алу жүйесінің ескіргені, каналдардағы судың 50-60 пайызының далаға кетуі – орны толмас шығын. Мұндай жағдайға енді жол беруге болмайды.

Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау және Ұлттық су теңгерімін қалыптастыру – нақты ғылыми және технологиялық негізге сүйенген, ұзақ мерзімді су саясатының басты тірегі болмақ. Бұл шаралар арқылы біз суды тиімді бөлуді, тұтынуды және қорғауды қамтамасыз ете аламыз.

Сонымен қатар, су дипломатиясы саласында кәсіби кадрлар даярлау – өңірлік және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықты нығайтатын маңызды бағыт. Қазақстан трансшекаралық өзендер мәселесінде белсенді ұстанымда болып, мүддесін қорғауға қабілетті болуы тиіс.

Президенттің бұл бастамасы – еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамуға жол ашатын тарихи қадам.

Арынғазы ТӘКІБАЕВ,
Қаражал қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы