Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөйлеген сөзінде:
– Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын! – деп атап өтті.
Президент сөзінде тазалық ұғымының терең мағынасына тоқталып, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау – әрбір адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші екенін ерекше атап өтті. Сондықтан, табиғатты аялау, тазалықты сақтау халқымыздың болмысына сіңген қасиетке айналуы тиіс екенін үнемі еске салып келеді.
Осы орайда, Қаражал қаласында да «Таза Қазақстан» жобасы аясында бірқатар игі істер жүзеге асты. Өткен аптадан бастап тұрғындар жаппай сенбілікке шығып, қаланың тазалығына ерекше мән беруде. Әрбір мекеме өз ауласын жинап, көшелердің көркін кіргізді.
Жастар да бұл шарадан шет қалмады. Қаражал қаласының тау-кен техникалық колледжінің студенттері мен №1 Тірек мектебінің оқушылары ардақты қарттарымыз – Мешітбай Омаров пен Виктор Анисимовтың үйінің ауласы мен бақшасын тазалап, волонтерлік қызмет көрсетті. Жас буынның мұндай қамқорлығы қарттардың жүрегін жылытты. Аталар ақ батасын беріп, жастарға алғыстарын жаудырды.
Бұл бастама – тек сенбілік өткізу ғана емес, ол әрбір азаматтың табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, жауапкершілікті арттыратын маңызды қадам. Себебі, туған жердің тазалығы – елдің мәдениеті мен өркениетінің айнасы.
Қорытындылай келе, «Таза Қазақстан» жобасы – баршамыздың ортақ үйімізді қорғауға арналған жалпыхалықтық ұран. Әсіресе, жастардың белсенділігі – ел ертеңінің жарқын болашағына деген сенімді нығайтады. Тазалықты сақтау – ұрпаққа аманат, ал оны жүзеге асыру – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.