Қоғамдық кеңестің кеңейтілген кезекті отырысы өтті. Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды Қоғамдық кеңестің төрағасы Арынғазы Тәкібаев ашып, жүргізді.
Отырысқа Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов, қалалық мәслихаттың төрағасы Зәмзагүл Оспанова, Қаражал қаласының прокуроры Дархан Бөлекбаев, мәслихат депутаттары, мемлекеттік және жергілікті басқару органдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, қала әкімінің 2025 жылы атқарған жұмысы туралы есебі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Ұлытау облыстық филиалы Қаражал қалалық бөлімінің қызметі туралы есеп, жылу маусымына дайындық және Қоғамдық кеңестің ұсынымдарының орындалуы жөніндегі мәліметтер тыңдалды.
Қала әкімі Айқын Елеусізов өз баяндамасында қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен бөлісті. Атап өтілгендей, «Qarazhal Operating» кәсіпорны жұмысын бастағалы барит кенін өңдеу бойынша 111,6 мың тонна өнім өндірген. Бұл кәсіпорында 100-ден аса жаңа жұмыс орны ашылған.
Биылғы жылдың алғашқы жеті айында өндірістік кәсіпорындар жалпы көлемі 98,9 миллиард теңгеге өнім өндіріп, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығы саласында да өсім бар – жалпы өнім көлемі 10 пайызға, бөлшек тауар айналымы 12 пайызға өскен.
Қаладағы инфрақұрылымдық жұмыстар да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, 2025 жылдың сәуір айынан бастап Мойынты–Қызылжар теміржол құрылысы басталды. Бұл жоба «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, қаладағы жарықтандыру және абаттандыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Қала мен Жәйрем кентінде кәріз жүйелері жаңартылуда. Ақтай және Станционный шағын аудандарында байланыс желілері тартылып, тұрғындар қамтылуда. Жәйрем кентінде көліктерге арналған жабық автотұрақ құрылысы қолға алынған. Қараша айының соңына дейін бұл нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жалпы алғанда, биылғы жылы қала мен кенттерде бюджет есебінен 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша Қаражал қаласында – 3 жоба, Жәйремде – 3 жоба. Қаражал–Қылыш бағытындағы су құбырына қатысты жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде, жыл соңына дейін дайын болады деп күтілуде.
Мәдениет және спорт саласын дамыту бағытында да бірқатар бастамалар көтерілді. Қаражал қаласында көпфункционалды мәдениет орталығының құрылысы басталды. Бұл нысан келесі жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, жабық хоккей кортының құрылысы да жалғасып жатыр. Жоба 2026 жылы аяқталуы тиіс.
Жәйрем кентіндегі 60 пәтерлі тұрғын үй кешенінің аумағында сыртқы ауласы абаттандырылуда. Өңірдегі білім саласы да назардан тыс қалмаған. Кенттегі №10 және №30 мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Биылғы көктемде болған қатты желдің салдарынан №11 мектеп пен тау-кен колледжінің шатырлары бүлінген еді. Бұл нысандарда да қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде және аяқталуға жақын.
Қалада сапалы білім беру мен қолайлы оқу ортасын қамтамасыз ету мақсатында 80 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды.
Қаражал қаласы үшін күрделі мәселенің бірі – Қаражал–Атасу бағытындағы жолдың жағдайы. Бұл облыстық маңызы бар жолдың тозуына байланысты келер жылы да тиісті жұмыстар жалғасатыны мәлімделді.
Сонымен қатар, қаланы тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көлік бағыттарын дамыту мәселелері де қарастырылуда.
Жылу маусымына дайындық мәселесі де отырыстың басты тақырыптарының бірі болды. Бұл бағыттағы жұмыстардың барысы бойынша «Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бекзат Қален баяндама жасап, нақты мәліметтер ұсынды.
Бүгінгі таңда Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің жылумен қамтылуы – жергілікті билік назарындағы маңызды міндеттердің бірі. Жалпы есеп бойынша, аймақтағы 25 көпқабатты үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Оның ішінде Қаражал қаласында – 8 үй, Жәйрем кентінде – 17 үй жылу алады.
Жылу жүйесінің сенімді әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін қалада қосымша модульдік қазандық орнату жобасы қолға алынуда. Бұл жаңа нысан іске қосылған жағдайда, тағы 12 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз ету мүмкін болады. Бұл – қыс мезгілінде тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау бағытындағы маңызды қадам.
Қыстың қамын жазда ойлаған қала билігі бұл жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуын басты назарға алып отыр. Қабылданып жатқан шаралардың барлығы тұрғындардың қысқы кезеңде еш қиындықсыз, жылы әрі жайлы жағдайда өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сумен жабдықтау және су бұру жүйелері бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. Әлиев және Атасу көшелеріндегі магистральдық су құбырларында орын алған апаттар жойылды.
Атап айтқанда, Қаражал мен Жәйремдегі барлық мектептер жылу маусымына толық дайын.
Жиын барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қаражал қаласы бойынша бөлімінің басшысы Дәурен Оразбеков баяндама жасап, атқарылған жұмыстар жөнінде толық мәлімет берді.
Ол өз сөзінде халыққа мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі қолжетімді түрде көрсету бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Атап айтқанда, азаматтар күнделікті өмірде жиі қажет ететін құжаттарды рәсімдеу, әлеуметтік төлемдерге өтініш беру, зейнетақы және жәрдемақы тағайындау, жер телімдеріне қатысты құжаттар алу секілді түрлі қызмет түрлерін еш кедергісіз, ашық түрде алу мүмкіндігіне ие болғанын атап өтті.
Сонымен қатар, «Электрондық үкімет» порталы арқылы қызмет алушылардың қатары жыл сайын артып келе жатқаны, бұл тұрғындардың цифрлық сауаттылығы мен қолжетімді цифрлық инфрақұрылымның нәтижесі екені айтылды.
Сондай-ақ, халықтың ХҚКО-ға келуін азайтып, онлайн қызметке көшу үрдісінің артықшылықтарына тоқталды. Азаматтардың уақыты мен ресурсын үнемдеу мақсатында бірқатар қызмет түрлері мобильді қосымша арқылы да қолжетімді екені баяндалды.
Баяндамашы тұрғындар тарапынан жиі кездесетін мәселелерге де тоқталып, оларды шешу жолдары мен келешекке жоспарланған жаңашылдықтар жөнінде мәлімет берді. Қызмет сапасын арттыру мақсатында қызметкерлердің біліктілігін көтеру, кезек күтуді азайту, арнайы кеңес беру бұрыштарын көбейту сияқты нақты шаралар қолға алынғанын жеткізді.
Оның сөзінің түйіні – көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барынша ашық, жедел әрі тиімді болуы үшін барлық жағдайлар жасалып жатқаны және бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатыны болды.
Отырыс соңында Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қала әкіміне бірқатар сұрақтар қойылды. Әсіресе, Қаражал–Атасу жолының жағдайы туралы мәселе басты назарда болды. Қала әкімі бұл мәселе күн тәртібінен түспейтінін және келесі жылға ауқымды жұмыс жоспарланып отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар, қала басшысы қала тазалығы мәселесіне ерекше тоқталды. Сенбіліктер өткізіліп, аумақтар тазартылғанымен, кейбір тұрғындардың малын бос жіберіп, қоғамдық орындарды бүлдіруі әкімдікті алаңдатуда. Осыған орай, тұрғындарды тәртіпке, тазалыққа ортақ жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Қала әкімі әр тұрғын өз ауласын таза ұстап, көгалдандыруға атсалысса, Қаражал қаласының әлдеқайда көрікті болатынын атап өтті.
Су мәселесіне де тоқталған әкім, биыл жаздың екінші жартысынан бастап кешкі уақытта су өшірілмегенін және бұл мәселені түпкілікті шешу бағытында жұмыстар жүріп жатқанын айтты.
Жиын соңында Қоғамдық кеңесте көтерілген барлық мәселелер хаттамаға енгізіліп, нақты шешімдер қабылданды. Қоғам мен билік арасында ашық әрі мазмұнды диалог орнаған бұл кездесу Қаражал қаласының дамуына оң әсер етері сөзсіз.