Қала әкімі Айқын Елеусізов жиынды ашып, Мемлекет басшысының Жолдауындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Әкімнің сөзінен кейін №1 Тірек мектебінің (ресурстық орталық) директоры Жұмакүл Ахметова мен Қаражал қаласының кәсіпкерлер және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Сатанов баяндама жасады.
Жұмакүл Жандәулетқызы өз сөзінде Президенттің Жолдауында айтылған адам капиталын дамытуға, білім сапасын арттыруға және ауыл мектептерінің әлеуетін күшейтуге арналған бастамалардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан жаңа мектептер тек инфрақұрылымды жаңарту ғана емес, білім мазмұнын жаңғыртуға да бағытталған.
-
Қазіргі заманның ең маңызды талабы – жасанды интеллектті мектептен бастап меңгеру және цифрлық сауаттылықты арттыру. Бұл білім беру саласында жаңаша көзқарасты қажет етеді. №1 Тірек мектебінде оқушылардың цифрлық дағдыларын дамыту үшін арнайы бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Білім мазмұнын жаңғыртып, технологияны оқыту үрдісіне енгізу арқылы болашақ мамандарды даярлау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Жұмакүл Жандәулетқызы.
Сонымен қатар, экологиялық тәрбие де мектептің басты басымдықтарының бірі болып табылады. №1 Тірек мектебінде тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылып, оқушылар ағаш отырғызу акцияларына қатысады. Экологиялық тәрбие сағаттары өткізіліп, жас ұрпақты табиғатты сүюге және қоршаған ортаны қорғауға үйрету бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда. Бұл іс-шаралар оқушылардың экологияға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді, – деп атап өтті директор.
-
«Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында елімізде инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы саласының мамандарының тапшылығы өзекті мәселе болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін мектеп қабырғасынан бастап оқушыларды нақты мамандықтарға бағыттау жұмыстары қолға алынуда, – деді Жұмакүл Жандәулетқызы.
Келесі кезекте сөз алған Қаражал қаласының кәсіпкерлер және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Сатанов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қолдап, оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпін беретініне сенім білдірді.
-
Жолдауда айтылған негізгі бағыттар – инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру – өңіріміздің әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.
Бұл бастамалар Қаражал қаласының экономикасын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын құруға септігін тигізеді. Біз аталған тапсырмаларды қолдап, іске асыруға бар күшімізді саламыз, – деді Марат Рахымжанұлы.
-
Жәйрем кен байыту комбинаты 2022 жылы 145 млрд теңге көлемінде инвестициямен жаңа байыту фабрикасын салды. Қазір «Батыс Қаражал кен орнын дамыту» жобасы іске асып жатыр, оның құны шамамен 407 млн АҚШ долларын құрайды, – деді ол.
Жоба 2030 жылға дейін жүзеге асырылып, 600 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, өңірде «Алтын шоқы» марганец кен орнында жаңа инвестициялық жобалар қолға алынуда. Қызылжар-Мойынты теміржолының құрылысы өңірдің логистикалық әлеуетін арттырады.
— Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібіне көбірек қаражат бөлуді тапсырды. Ірі инвесторлармен бірге орта және шағын бизнес өкілдерімен тығыз жұмыс істеу маңызды, – деді Марат Сатанов.
Марат Рахымжанұлы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтіп, жергілікті шаруашылықтардың техникалық базасын жаңарту жөніндегі жұмыстарға тоқталды. Биылғы жылы «Жамболов Абай» шаруашылығы 18 млн теңгеге жаңа техника сатып алып, мемлекет тарапынан 30% субсидия алған.
-
Ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет қомақты қаражат бөледі, бірақ, әлеует толық ашылмай отыр. Сондықтан, жаңа реформалар қажет, – деді спикер.
Жиын соңында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауындағы бастамалардың ел болашағы үшін аса маңызды екенін, қойылған міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Бұл кездесуде көтерілген мәселелер мен жоспарланған шаралар Қаражал қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді деп сенім білдіреміз. Елді дамытуға бағытталған әрбір бастама – біздің ортақ болашағымызға салынған сенімді қадам.