Қоғамның дамуы мен мемлекетіміздің тұрақты өркендеуі ең алдымен еңбек адамының қолындағы қажырлы еңбегіне тікелей байланысты. Құрылысшының салған ғимараты, кеншінің өндірген қазба байлығы, дәнекерлеушінің, механизатордың, энергетиктің еңбегі – барлығы да күнделікті тұрмысымызды жақсартып, экономиканың қуатын арттырады. Сол себепті жұмысшы еңбегін бағалау – ел дамуына серпін беретін басты шарттардың бірі.
2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы – еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама аясында кәсіби-техникалық білім беру жүйесін дамыту, өндірістік кадрлардың біліктілігін жетілдіру, жастарды еңбекке баулу және сұранысқа ие мамандықтарға тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жастардың таңдауы мен ынтасын қолдап, олардың еңбекке деген қызығушылығын арттыру – елдің болашақ кадрлық әлеуетін нығайтады.
Жұмысшы еңбегіне құрмет көрсету тек қана кәсіби шеберлікті дәріптеу емес, ол – қоғамдағы әділдік пен бірлікті нығайтудың, ұрпақ санасында еңбекке деген оң көзқарас қалыптастырудың құралы. Әрбір еңбек адамының адалдығы мен табандылығы – елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсартудың басты негізі.
Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы біз елдің индустриялық дамуына ғана емес, қоғамның мәдениеті мен өркениетіне де үлес қосамыз. Себебі еңбекке құрмет көрсеткен орта – тұрақты дамуға ұмтылған, өркендеудің жаңа деңгейіне көтерілген мемлекет екені сөзсіз.
Сатанов Жанат Рахымжанович
Қаражал қаласы мәслихаты аппартының басшысы