Қош келдің, жаңа оқу жылы!

1 қыркүйек – Білім күніне орай Жәйрем кентінде өткен салтанатты жиын ерекше мәнге ие болды. Бұл күні Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов арнайы келіп, мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған бүлдіршіндерді құттықтап, ата-аналар мен ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында табыс тіледі.

Салтанатты шараға облыс басшыларымен қатар Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспанова, қалалық мәслихат депутаттары Марлан Шамбулов пен Гауһар Наурызбаева, сондай-ақ, Қаражал қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлбану Райсова қатысты.

Өз сөзінде Зина Жұманазарқызы биылғы оқу жылында Жәйрем кентінде 255 бүлдіршіннің мектеп табалдырығын аттағанын, ал 105 түлектің үлкен өмірге қанат қаққалы отырғанын атап өтті. Бұл көрсеткіштер – өңірдегі білім саласының даму қарқынын көрсететін маңызды дерек.

Салтанатты жиыннан кейін облыстан келген қонақтар Жәйремдегі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан екі білім ошағын аралап көрді. Жаңа оқу жылы басталғанымен, жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Дегенмен, оқушылардың қауіпсіздігі мен оқу процесінің үздіксіздігі толық қамтамасыз етілген.

№ 10 жалпы білім беретін мектептің кіреберісінен бастап жаңарған келбеті оқушылар мен ата-аналардың көңілінен шықты. Ал № 30 мектепте бірқатар оқу кабинеттері жақын күндері қолданысқа берілмек.

Жалпы, сан жылдар бойы жаңаруды қажет еткен қос білім ошағына жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына облыс басшылары тарапынан бақылау күшті. Аптасына бір рет Жәйрем кентіне арнайы келіп, жөндеу жұмыстарының басы-қасында жүрген Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты Бауыржан Қабденұлы өз сөзінде білім саласына жасалып жатқан қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, өңірдегі мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, сонымен қатар, екі мектептің де мердігерлері мен директорларына бірқатар тапсырмалар беріп, көптеген ескертулер айтып өтті.

Теректі ШАҒАТАЙ.