Сыздық Әлиевке арналған пилон орнатылды

Қаражал өңірінің тарихында есімі айрықша аталатын Сыздық Әлиевтің туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осыған орай Қаражал қаласында бірқатар игілікті іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның ішінде қаладағы Сыздық Әлиев атындағы көшенің басына ескерткіш-пилон орнатылып, демалуға арналған шағын орын жабдықталды.

Сыздық Әлиев кім?
Сыздық Әлиев – қазақ халқының ауыр да аласапыран кезеңін басынан өткерген, бірақ соған мойымай, елге адал қызмет еткен азамат. Ол Сәкен Сейфуллиннің тікелей ұрпағы болғаны үшін жазықсыз жалаға ілігіп, кеңестік қуғын-сүргіннің құрбанына айналды. Жиырмасыншы ғасырдың қасіретті беттерінің бірі – сталиндік репрессия кезінде Сыздық Әлиев те «халық жауының тұқымы» деген жаламен жазаланып, он жыл бойы Сібірдің айдауларында болды.

Алайда, тағдыр тауқыметі оның жігерін жасыта алмады. Елге оралғаннан кейін, 1947 жылдан бастап геологиялық барлау саласында еңбекке араласты. Қарағанды облысының кенді аймақтарында жүргізілген зерттеу жұмыстарына белсене атсалысып, Қаражал кентінің алғашқы негізін қалаушылардың қатарында болды. Жер қойнауындағы мол қазына – темір кені, түсті металл қорларының ашылуына зор үлес қосқан Сыздық Әлиевтің есімі ел тарихында абыроймен сақталып қалды.

Ұрпақтар сабақтастығы
15 тамыз күні өткен салтанатты рәсімге Сыздық Әлиевтің көзін көрген ауыл ақсақалдары, Қаражал қаласының Құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері және елге белгілі өнер, ғылым қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Қорабай Есенов, композитор Жұмағали Әлімханов, Қарағанды ұлттық университетінің профессоры, математик Мұхтар Рамазанов болды.

Іс-шара барысында Сыздық Әлиевтің рухына Құран бағышталып, ас берілді. Қала тұрғындары үшін арнайы салынған демалыс орыны да ел игілігіне ұсынылды. Бұл – жас ұрпаққа тағылым беретін, тарихқа тағзым ететін игілікті іс болды.

Құнды жәдігерлер табысталды
Салтанатты шарада марқұмның ұлы Айташ Әлиев сөз сөйлеп, әкесінің ел үшін сіңірген еңбегін айшықтап өтті. Сондай-ақ, ол Қаражалда ашылуы жоспарланып отырған мұражайға әкесінің көзі тірісінде сақталған тарихи құндылықтарды – Сәкен Сейфуллиннің өз қолымен сыйлаған домбыраны және арнайы салынған Сәкен Сейфуллиннің портретін тарту ететінін мәлімдеді.

Бұл жәдігерлер – тек Әлиевтер әулетінің ғана емес, күллі қазақ жұртының рухани мұрасы. Олар ұлттың ардақты перзенттері жайлы сыр шертетін, жас буынға өнеге болатын асыл қазына болмақ.

Тағылымды шараның мәні
Қаражал қаласының тұрғындары үшін бұл оқиға – тек бір көшеге пилон орнату ғана емес, өткенге тағзым, ардақты азаматтың еңбегін бағалау, ұрпаққа өнеге қалдырудың үлгісі болды.

Туған елінің көркеюіне, өндірісінің дамуына сүбелі үлес қосқан Сыздық Әлиевтің есімі ел жадында мәңгілік сақталары сөзсіз. Қаражал жұртшылығы алдағы уақытта да абзал азаматтың ұрпақтары қаланың өркендеуіне өз үлестерін қосып, ата дәстүрді жалғастыра беретініне сенім білдірді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ