Теміржолдың ардақты қызы – Гүлсара

Қоғамның дамуы ең алдымен адал еңбекке арқа сүйейді, ал жұмысшы мамандықтар – сол дамудың қозғаушы күші. «Жұмысшы мамандықтарының жылы» – әрбір еңбектің қадірін бағалап, қарапайым маман иелеріне деген құрметті арттыратын уақыт. Бұл жылда еңбек майталмандарының тәжірибесі мен өмір жолы жас буынға үлгі ретінде насихатталмақ. Қарапайым еңбек арқылы үлкен жетістікке жетуге болатынын көрсету – осы жылдың басты мақсаты.

Бүгінгі таныстырар тұлғамыз – қазақ даласының қасиетті топырағында дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын еліне адал еңбек етуге арнаған жандардың бірі – «Өркен» ЖШС «Өркен-Атасу» өкілдігінің жұмыскері Гүлсара Иманнурова.

1970 жылдың 29 қазанында Жезқазған облысы, Қаражал қаласында өмірге келген ол туған жердің қоңыр тіршілігі мен отбасының берекелі шаңырағында өсіп-жетілді. Әкесі – теміржолдың ыстық-суығына төтеп беріп, тепловоз машинисті болып адал еңбек еткен жан. Анасы – он екі перзентті дүниеге әкеліп, өсірген, жүрегі мейірімге толы алтын құрсақты ардақты ана. Осындай еңбекқорлық пен төзімділікке бай отбасында өскен Гүлсара Құдышқызы да өмірлік жолын адал еңбектің соқпағымен байланыстырды.

Қаражал қаласындағы № 1 қазақ орта мектебін тәмамдаған соң, Қостанай облысы, Рудный қаласындағы техникалық училищеде білім алып, теміржол саласының аса жауапты мамандығы – станция кезекшісі мамандығын игерді. Бар болғаны 19 жасынан бастап теміржол саласына қадам басқан жас маман бүгінде 36 жылдық қажырлы еңбектің иегері атанып отыр.

Қазіргі таңда ол «Өркен» ЖШС «Өркен-Атасу» өкілдігінде диспетчер қызметін атқарып, теміржолдың қалыпты жұмысын қамтамасыз етуде. Әрбір пойыздың дер кезінде жетуі, қозғалыстың қауіпсіздігі – осы сала майталмандарының тынымсыз еңбегінің жемісі. Сол жауапты істің басы-қасында жүрген жандардың бірі – Гүлсара Құдышқызы.

Еңбегі еленген жан ретінде ол талай марапаттарға ие болды. Соның ішінде «Qarmet» АҚ Басқарма төрағасы Вадим Басиннің қолынан «Алғыс хат» алуы – оның көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға. Бұл – Гүлсара Құдышқызының еңбегіне деген құрметтің нақты дәлелі. Әріптестері оны жауапкершілігімен, адамгершілігімен және табандылығымен үлгі тұтады. Жас мамандар үшін ол – шынайы ұстаз, тәжірибесін аямай бөлісетін аға буын өкілі.

Қарапайымдылығы мен еңбекке деген адалдығы оны теміржолшылар арасында ерекше құрметке бөлеп отыр. Жолдасы – Сембек Иманнуров та теміржол саласында еңбек етіп, абыройлы қызмет атқарып келеді. Ұлы – Алмас ата-анасының ізін жалғап, теміржолда еңбек етсе, қызы – Айгүл жас ұрпаққа білім нәрін беріп жүрген мектеп мұғалімі.

Гүлсара Иманнурованың өмір жолы – еңбекке адалдықтың, төзім мен табандылықтың айқын көрінісі. Ол – теміржолдың ардақты қызы, ел үшін маңдай терін төгіп жүрген еңбек майталманы. Бір әулеттен шыққан бірнеше буынның әр салада абыройлы қызмет етуі – ұрпақ сабақтастығы мен еңбекке деген құрметтің жарқын көрінісі.

Осындай жандардың арқасында қаламыздың мерейі артып, қоғамдағы бірлік пен берекенің мәні айқындала түсуде. Гүлсара Құдышқызының өмір жолы – абыройлы еңбектің не екенін дәлелдейтін өнегелі тағдыр.

Жазира МҰХИДИНОВА