Жаңа асхана халық игілігіне берілді

Қаражал қаласына қарасты Ақтай шағын ауданының тұрғындары көптен бері күткен қуанышты сәтке куә болды. Бірлігі жарасқан ауылда мешіт жанынан жаңа, кең әрі заманауи талапқа сай асхана құрылысы аяқталып, салтанатты түрде ашылды.

Жаңа нысанның қажеттілігі бұған дейін ауыл тұрғындары арасында жиі айтылып жүрген болатын. Ас беріп, құдайы тамақ таратуға қолайлы орынның жоқтығы белгілі бір қиындық туғызған еді. Осы мәселені шешу мақсатында асхана салу бастамасы көтерілген болатын. Бұл игілікті іс қала әкімі Айқын Елеусізовтің тікелей бақылауымен құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілді. Әкім шаһардағы ірі кәсіпкерлермен арнайы кездесулер өткізіп, олардың демеушілік қолдау көрсетуіне ықпал етті.

Асхананың салтанатты ашылуына қала басшылығы, дін өкілдері және жергілікті жұртшылық қатысты. Шараға Қаражал қаласының бас имамы Талғат Советов, қала әкімінің орынбасары Аманқазы Наукенов, қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова, мәслихат депутаты Айгүл Мауленина және Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Манара Жетімекова арнайы келді.

Лентасын қию рәсімін ауыл ақсақалы Жанжол Тәжікеев, Қаражал қаласының Құрметті азаматы Жарқынбай Жетімеков және ауыл имамы Ерлан Сембеков атқарып, жиналған жұртқа ақ батасын берді. Салтқа сай ақ жаулықты әжелер шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Жаңа асхананың құрылысы ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің айқын көрінісі болды. Құрылысты ауылдың өз жігіттері атқарып, ұйымдастыру жұмыстарын жергілікті беделді азамат, ауыл ақсақалы Сәттібай Дүкенбаев үйлестірді. Бұл – елдіктің, ынтымақтың арқасында жүзеге асқан игі іс ретінде тарихта қалмақ.

Ашылу рәсімінен кейін жиналғандарға арнайы құдайы ас беріліп, Құран бағышталды. Құрылысқа үлес қосқан азаматтардың есімдері жекелей аталып, халықтың ыстық ықыласы білдірілді.

Ақтай шағын ауданында бой көтерген жаңа асхана – тек тұрмыстық қажеттілік қана емес, елдің ынтымақ-бірлігінің, ортақ іске жұмыла білудің нақты нәтижесі. Бұл – ауылдың рухани өмірін байытып, тұрмысын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

Қала тұрғындары мен ауыл жұртшылығы мұндай игілікті істердің жалғасын табатынына сенім білдірді. Жаңа асхана ел игілігіне адал қызмет етіп, халқымыздың бірлігін арттыруға үлес қоспақ.