Қазақстанның табиғи байлығы – тек экономикалық ресурс қана емес, ұлттық бірегейліктің, тарихи жад пен мәдени кодтың бір бөлігі. Соңғы жылдары қоршаған ортаның ластануы мен климаттық өзгерістер мәселесі жаһандық күн тәртібінде өткір тұр. Осы жағдайда «Таза Қазақстан» бастамасы елдің экологиялық саясатын жүйелеу және қоғамда табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырудың маңызды құралына айналды.
Бұл бастама аясында аймақтарда кешенді санитарлық тазалау, жасыл аймақтарды қалпына келтіру, өзен-көлдердің гидроэкожүйесін сақтау, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту сияқты шаралар жүзеге асуда. Мұндай жұмыстар тек көзге көрінетін тазалықпен шектелмейді – олар қоғамдық сананы өзгертуге, экологиялық жауапкершілікті әр азаматтың өмір салтына айналдыруға бағытталған.
«Таза Қазақстан» – бұл бір реттік науқан емес, ұлттық деңгейдегі ұзақ мерзімді экологиялық стратегия. Оның табысты жүзеге асуы мемлекеттің жасыл даму бағытын нығайтып қана қоймай, халықаралық аренада еліміздің экологиялық имиджін көтеруге ықпал етеді.
Жуманбекова Мереке Рахимбаевна
Қаражал қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы