Таза Қазақстан – болашаққа бағытталған ұлттық сана мен мәдениет көрінісі

Қоршаған ортаның тазалығы – жай ғана санитарлық талаптарды сақтау емес, ол – ұлттың мәдениетінің, өркениеттілігінің және болашаққа деген көзқарасының айқын көрсеткіші. Таза көшелер, жасыл аймақтар мен қоқыссыз табиғат – мемлекеттің дамығандығы мен тұрғындарының жауапкершілігін бейнелейтін басты белгілердің бірі.

«Таза Қазақстан» бастамасы – жыл сайынғы экологиялық акциялармен шектелмейтін, елдің экологиялық мәдениетін жүйелі түрде қалыптастыруға бағытталған ауқымды қадам. Бұл – әрбір азаматтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауды күнделікті өмір салтына айналдыруға шақыратын ортақ миссия.

Экология – тек табиғат қорғау саласы мамандарының ісі емес. Ол – әр үйдің ауласынан, әр көшенің бойынан, әр адамның жеке әрекетінен басталады. Пластик қалдықтарды сұрыптап бөлу, тұрмыстық қоқысты уақытылы шығару, саябақтар мен су жағалауларын таза ұстау – бәрі де қарапайым көрінгенімен, экожүйенің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

Бұл бастама аясында мектептер мен балабақшаларда экологиялық тәрбие жұмыстарының күшейтілуі де маңызды. Балаларға кішкентайынан тазалықты сақтау, табиғатқа зиян келтірмеу, қайта өңдеуді үйрету – келешек ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастырады.

Сонымен қатар, жергілікті билік пен қоғам белсенділерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде, «Таза Қазақстан» тек маусымдық науқан емес, тұрақты қоғамдық қозғалысқа айналуы тиіс. Мұнда азаматтық қоғамның белсенділігі, бизнес құрылымдарының әлеуметтік жауапкершілігі және мемлекеттік бағдарламалардың үйлесімділігі үлкен рөл атқарады.

Қазақстан табиғат байлығына өте бай ел. Тауларымыз, өзен-көлдеріміз, орман-тоғайларымыз – болашақ ұрпаққа аманат. Біз оларды тек пайдаланып қана қоймай, қорғап, жаңартып, көркейтуге міндеттіміз. «Таза Қазақстан» – осы аманатты орындаудың нақты жолы.

Тазалық мәдениетін қалыптастыру – тек қоқысты жинап қою емес, ол – қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті арттыру, адам мен табиғат арасындағы үйлесімді сақтау, экологиялық жауапкершілікті күшейту. Егер әрқайсымыз осы жауапкершілікті сезініп, өз үлесімізді қоссақ, Қазақстан тек экономикалық және саяси жетістіктерімен ғана емес, экологиялық дамуы және табиғатқа деген құрметімен де әлемге үлгі бола алады.

 

Такибаев Арынгазы Шакирович

Қаражал қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы