Еңбек — өмір өзегі

Қаражал қаласының коммуналдық шаруашылығы – қала тіршілігінің күре тамыры. Көшелердің тазалығы, ауызсу мен кәріз желілерінің үздіксіз жұмыс істеуі, қысқы аяз бен жазғы аптапта апатты жағдайлардың алдын алу – осы саланың иығына артылған ауыр да жауапты міндет. Осы салада қажырлы еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылардың бірі – Қаражал қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесінің учаске шебері Оралбай Төлеуов.

Жас күнінен еңбекпен шыңдалған Оралбай Қыдырбайұлы бүгінгі таңда тәжірибелі ұйымдастырушы, іскер басшы ретінде көптің алғысына ие. Оның басшылық ететін учаскесі қала тазалығы мен инженерлік желілердің қалыпты жұмысын қамтамасыз етіп келеді. Апатты жағдайлар туындағанда шұғыл шешім қабылдап, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау Оралбай Төлеуов үшін қалыпты жұмыс үрдісіне айналған.

Оралбай Төлеуов – Жаңаарқа топырағының тумасы. Ол 1964 жылы Ақтау совхозында дүниеге келген. Әкесі Қыдырбай мен анасы Әтина қарапайым шопандар болған. Кішкентайынан мал шаруашылығының бейнетін көріп өскен бозбала еңбекке ерте араласады. Орта мектепті бітірген соң әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп қайтады. Кейін Қаражал қаласына қоныс аударып, еңбек жолын бастайды.

Алғашқы жылдары жүргізуші болып түрлі шаруашылықтарға қажетті жүк тасымалдаумен айналысқан ол, кейін қоғамдық тәртіп сақтау саласына бет бұрады. Ол кездері әскер қатарынан жастарды милицияға қызметке шақыру үрдісі бар болатын. Оралбайға да талай рет ұсыныс түскен еді. Алайда, әуелі өзін еңбекте шыңдамақ болған бозбала бұл қызметке баруға асықпады. Тек, екі жылдан соң ғана келісімін берді. 1987 жылдан бастап Қаражал қалалық милиция бөлімінде қызмет атқарып, осы салада табан аудармастан 30 жыл еңбек етті. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау жолындағы еңбегі ел есінде.

2007 жылы ішкі істер саласынан зейнетке шыққанымен, еңбек жолын тоқтатпады. Қалалық пошта бөлімшесіндегі арнайы байланыс қызметінде тағы да 7 жыл жұмыс істеді. Ал, 2014 жылдан бастап қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесінде еңбек етеді. Бұл саладағы жұмысын қарапайым жүргізушіліктен бастаған Оралбай Қыдырбайұлы өзінің талапшылдығы мен іскерлігі арқасында екі жыл ішінде учаске шебері қызметіне көтерілді.

Бүгінде ол тек қызметін мінсіз атқарып қана қоймай, ұжымдастары мен жас мамандарға үлгі бола білетін еңбек адамы. Жауапкершілігі мол бұл салада күні-түні тыным таппай, қала тұрғындарына жайлы өмір сүру жағдайын жасау жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Ел тірегі – еңбек адамы десек, Оралбай Қыдырбайұлының өмір жолы мен кәсіби қызметі осы сөздің айқын дәлелі. Төлеуов сынды азаматтардың еңбегі – тек бір қаланың емес, тұтас қоғамның тірегі екені даусыз.