Өрт сөндіру депосының құрылысы басталды

Жәйрем кентінде өрт қауіпсіздігіне қатысты мәселелер ұзақ жылдар бойы өзекті болып келгені жасырын емес. Ауылда арнайы өрт сөндіру депосының болмауы төтенше жағдайлар кезінде уақытылы әрекет етуге кедергі келтіріп, тұрғындардың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіріп отырған еді.

Осы мәселені шешу мақсатында Жәйрем кентінде өрт сөндіру техникасына арналған заманауи гараж-тұрақ салу жобасы қолға алынды.

Аталған нысан алты бірлік арнайы техниканы орналастыруға лайықталып жобаланған. Жобаның жалпы құны – 822,8 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «Астана Премиум Строй» ЖШС жүзеге асыруда. Техникалық қадағалауды «Стройтехнология» ЖШС, ал авторлық қадағалауды «СуҚұрылысПроект» ЖШС жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Бұл нысанның іске қосылуы – Жәйрем кентінің ғана емес, бүкіл өңірдің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды оқиға. Өрт сөндіру депосы тек өртке қарсы қызмет көрсетіп қана қоймай, кез келген төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде елді мекеннің қауіпсіздік деңгейі едәуір артып, тұрғындардың өмірі мен мүлкі сенімді қорғауға алынады.

Жалпы, еліміздің әр өңірінде төтенше жағдайлардың алдын алу, зардаптарын азайту – басты міндеттердің бірі болып саналады. Соңғы жылдары табиғи және техногендік сипаттағы оқиғалар жиілеп кеткені белгілі. Мұндай жағдайда жергілікті жерде кәсіби және материалдық-техникалық жабдықталған өрт сөндіру бөлімшесінің болуы – уақыт талабы.

Сондықтан, Жәйремдегі өрт сөндіру депосының салынуы – қауіпсіздікке бағытталған мемлекеттік саясаттың айқын көрінісі. Бұл — тұрғындар тыныштығы мен өмір сүру сапасының жақсаруына ықпал ететін игілікті жоба.