Облыстық мәслихат депутаты Артем Ким №5 мектеп директоры Бақытгүл Байзақовамен бірге қаланың «Станционный» ықшам ауданында салынып жатқан жаңа мектеп құрылысының барысымен танысты.
Бұл нысан – «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан Жол картасына енгізілген маңызды әлеуметтік жоба.
Қазіргі таңда мектептің құрылысын «СуҚұрылысПроект» ЖШС (директоры О.Абдикеримов) жүргізуде. Құрылыс алаңында нысанға жауапты өкіл депутат пен білім саласының өкіліне атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат беріп, құрылыс барысын толық таныстырды.
Жаңа білім ошағы 600 орынға есептелген. Жоба бойынша мектепте заманауи оқу кабинеттері, STEM-зертханалар, кітапхана, спорт залы, асхана мен медициналық пункт қарастырылған. Бүгінде ғимараттың қаңқасы толық көтеріліп, ішкі әрлеу жұмыстары басталған.
Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр және нысанды 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.
Артем Ким сапар барысында мердігер ұйымға құрылыс сапасына ерекше назар аударуды, қауіпсіздік талаптарының толық сақталуын тапсырды. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар үшін жаңа мектептің ашылуы – балаларының жақын маңда, сапалы біліммен қамтамасыз етілетін заманауи оқу орнында оқуы тұрғысынан үлкен жаңалық екенін атап өтті.
Бұл – ел Президентінің тапсырмасына сәйкес өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңарту және оқушы орындарының тапшылығын жою жолында қолға алынған іргелі істердің бірі.
Мектеп құрылысының уақытылы аяқталып, жаңа оқу жылында оқушылар үшін есігін айқара ашуы – барша қала тұрғындарының ортақ тілегі.