2025 жыл – елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы ретінде белгіленіп, қарапайым еңбек адамын ұлықтайтын, қолымен өндіріс пен өмірді алға сүйрейтін жандарға ерекше құрмет көрсетілетін кезеңге айналды. Бұл бастама – тек атаулы жыл емес, терең мағынасы бар қоғамдық қозғалыс, еңбек құндылығын қайта жаңғыртатын идеологиялық серпін.
Заманауи қоғамда техникалық мамандық иелеріне, нақты саланың білікті шеберлеріне деген сұраныс артып келеді. Дәнекерлеуші, электрші, құрылысшы, жүргізуші, аспаз, механизатор, кенші, токарь, машинист – мұның бәрі тек кәсіп қана емес, бұл — ел экономикасының діңгегі. Жұмысшы мамандығы – ерлікпен пара-пар маңдай тер мен адал еңбекті талап ететін кәсіби жол.
Аталған жыл аясында еліміздің барлық аймақтарында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, жастарды кәсіптік білімге баулу, өндірістегі үздік қызметкерлерді насихаттау бағытында нақты қадамдар жасалуда. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында арнаулы жобалар іске қосылып, еңбек майталмандарымен кездесулер, шеберлік сабақтары мен кәсіби байқаулар өткізіліп жатыр.
Бұл бастама — «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халқымыздың асыл ұстанымын жаңғырту. Өйткені еліміздің болашағы — білімді де білікті, кәсіби шеберлігі жоғары еңбек адамдарының қолында.
Жұмысшы мамандықтар жылы — жастарға бағдар, қоғамға сабақ, ел дамуына серпін. Отыншина Гаухар
«Атамекен» филиалы кәсіпкерлік палатасының директоры