Қазақ халқы ежелден-ақ еңбекті қасиет тұтқан. «Еңбек түбі – береке» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Еңбектің дәмін татқан адам ғана өмірдің шын мағынасын ұғынады. Себебі еңбек – адамның адам болып қалыптасуына негіз болатын ең маңызды құндылықтардың бірі.
Еңбек адамы – қоғамның қозғаушы күші. Олардың қолымен ауылдар көркейеді, қалалар бой түзейді, мектептер мен ауруханалар салынады, ғылым мен өнер дамиды. Көпшіліктің назарынан тыс қалса да, күнделікті тіршілікті алға сүйреп жүрген – осы қарапайым еңбек адамдары.
Біз кейде батырлықты тек соғыс алаңынан іздейміз. Ал шын мәнінде, нағыз батыр – таңнан кешке дейін отбасы үшін, ел үшін еңбек етіп жүрген жан. Ол – қарапайым малшы, егінші, тігінші, ұстаз, дәрігер, тазалықшы немесе зауыттағы жұмысшы. Олар да әр күн сайын өз өмірімен қоғамға үлес қосып жатыр.
Қазақстанда бүгінде «Еңбек» бағдарламасы аясында көптеген азаматтар жұмысқа орналасып, кәсіп бастау мүмкіндігіне ие болуда. Бұл – мемлекет тарапынан еңбек адамына деген қамқорлық пен қолдаудың айқын белгісі. Бірақ қоғам ретінде біз де еңбек адамын бағалап, олардың мәртебесін көтеруге үлес қосуымыз керек.
Еңбектен қашқан елдің ертеңі бұлыңғыр. Ал еңбекті сүйген, оны қадір тұтқан ұрпақ – ұлттың жарқын болашағы. Осыны түсінген ел ғана өседі, өнеді, өркениетті мемлекетке айналады.
Бүгінгі таңда әр салада еңбек етіп жүрген жандардың өмір жолын үлгі ету – басты парызымыз. Себебі нағыз бақыт – маңдай термен келген нанның дәмінде, таза еңбектің қадірінде.
Байшукенова Тлеухор Жанжумановна
«Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ директоры