Еңбек адамы – қоғамның беріктік іргетасы, елдің ертеңін қалыптастыратын қажырлы тұлға. Оның қолынан шыққан әрбір ісі, төккен маңдай тері мен адал еңбегі – ұлттың өркендеуіне қосылған өлшеусіз үлес. Еңбек адамы – таң шапағымен оянып, күннің батысына дейін тер төгіп, үнсіз қызмет ететін, алайда қоғамға шексіз пайда әкелетін адам.
Еңбек – бұл жай ғана күнкөрістің амалы емес, бұл – өмір сүру салты, бұл – адам бойындағы адалдық, жауапкершілік пен табандылықтың көрінісі. Еңбек адамы – ауыртпалыққа мойымай, қиындыққа қарсы тұра алатын, қандай іспен айналысса да барын салып, сапа мен нәтиже үшін еңбек ететін жан.
Ол – ауылда мал бағып, егін егіп жүрген диқан да, зауытта темір иіп тұрған жұмысшы да, құрылыс басында биікке өрлеп жатқан маман да. Ол – мектепте бала тәрбиелеп отырған ұстаз да, адам өмірі үшін күресіп жүрген дәрігер де. Олардың бәрі – қоғам үшін бірдей маңызды, бірдей қадірлі.
Еңбек адамының қолындағы қарапайым құралдардан үлкен нәтижелер туады. Оның табанды тірлігі, жауапкершілікпен атқарған қызметі – елдің дамуына жол ашады. Осындай адамдардың арқасында мемлекет нығайып, қоғам гүлденеді.
Қазіргі таңда еңбек адамына деген көзқарас ерекше болу керек. Себебі дәл осы қарапайым еңбек иелері – мемлекеттің тірегі. Оларға құрмет көрсету, олардың еңбегін бағалау – біздің азаматтық борышымыз.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халқымыздың нақылы бекер айтылмаған. Бұл – ғасырлар бойғы өмір шындығынан туған тұжырым. Сондықтан, еңбек адамын насихаттау – тек бір күндік акция емес, бұл – ұлттық тәрбие, бұл – ұрпаққа үлгі, болашаққа жол.
Еңбегімен елге сыйлы болған әрбір азамат – нағыз қаһарман, шынайы патриот.
Байшукенова Тлеухор Жанжумановна –«Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ директоры