Адал еңбек – асыл мұра

Еңбек адамы — қоғамның қозғаушы күші, елдің өркендеуі мен дамуының негізі. Ол — күнделікті тіршілікте көзге көп түсе бермейтін, бірақ өзінің маңдай терімен, табанды ісімен қоғамға орасан зор пайда әкелетін қарапайым адам. Қай салада болмасын – ауылда, қалада, зауытта, мектепте немесе ауруханада – еңбек адамынсыз ешқандай жетістікке жету мүмкін емес.

Елімізде еңбек адамдарына деген құрмет артып келеді. Мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтарына мән беріліп, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру жолында нақты қадамдар жасалып жатыр. «Еңбек адамы – елдің тірегі» деген сөз бекер айтылмаған. Мысалы, ауыл шаруашылығында еңбек ететін механизаторлар, диқандар, малшылар – елді асырап отырған жандар. Олар таңмен таласып тұрып, егіс даласында, қыстың қақаған аязында қора басында тер төгеді.

Білім мен медицина саласында да еңбек адамдарының орны ерекше. Мұғалімдер жас ұрпақтың болашағын қалыптастырып, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттырса, дәрігерлер адам өмірін сақтап қалу жолында үздіксіз еңбек етеді. Құрылысшылар мен инженерлер – қалалардың көркейіп, инфрақұрылымның дамуына үлес қосуда. Жол жөндеушілер, теміржолшылар, кеншілер – барлығы елдің іргесін бекітіп отырған нағыз еңбек адамдары.

Бүгінде «Еңбек» бағдарламасы, «Жас маман» жобасы сияқты мемлекеттік бастамалар арқылы жастарды еңбекке баулу, мамандыққа баулу жұмыстары жолға қойылған. Бұл – болашақта еңбек адамының абыройын арттыруға, кәсіби мамандар даярлауға бағытталған маңызды шаралар.

Ең бастысы — қандай қызметте болмасын, адам өз ісіне адал болып, қоғам игілігі үшін еңбек етсе, ол – нағыз еңбек адамы. Ондай жандар – жастарға үлгі, ұлтқа тірек.

Жазира Мухидинова

«Ішкі саясат, мәдениет,тілдерді дамыту және спорт бөлімі»ММ әдіскері