«Тазалық – саулық негізі» дейді дана халқымыз. Тазалық жоқ жерде елдің болашағы бұлыңғыр, келешегі күмәнді болары хақ. Осы орайда, Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаевтың өкіміне сәйкес қала аумағында санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандырудың екіайлығы басталды.
Өкімге сәйкес, тазалық айлығы үстіміздегі жылдың 6 сәуірі мен 6 маусымы аралығы деп белгіленді. Көгалдандыру, сәулеттендіру һәм тазалық екіайлығы барысында қала орталығы мен барлық елді мекендерде күл-қоқыстарды жинау, тазалау, көшеттер отырғызу, гүл егу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Осы ретте, қаладағы барлық мекемелер мен кәсіпорындарға тазалық және сәулет жұмыстарын жүргізу мен көгалдандыру үшін арнайы аумақтар бекітіліп, жұмыс кестесі де жасалынды.
– Қаланың әрбір тұрғыны, әрбір мекемелер көктемгі тазалық айлығына жылдағы дәстүрге сәйкес белсене қатысуы қажет. Алдағы аптадан бастап, «тазалық бейсенбіліктері», қалалық және облыстық сенбіліктер өткізілетін болады. Олардың мерзімдері да нақтыланды. Осы көктемгі екіайлық аясында қалада 9 санитарлық «Тазалық бейсенбілігі», 7 қалалық, 3 облыстық сенбіліктер өткізіледі. Мұның сыртында 22 сәуір – «экологиялық сенбілік» күні болып белгіленді. Ұйымдастырылатын сенбіліктер қалалық «Қазыналы өңір» газеті, қала әкімінің ресми сайты және әлеуметтік желілердегі қала әкімдігінің ресми парақшалары арқылы тұрақты түрде ақпараттандырылатын болады, – дейді Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Саутбаев.
Нұрсұлтан Бауыржанұлының айтуынша алғашқы қалалық сенбілік осы сенбі күні өтпек. Қаладағы әрбір мекемелер мен ұжымдар өздеріне бекітілген аумақтарды күл-қоқыстан тазартатын болады. Сондай-ақ, осы көктемгі екіайлық аясында қаладағы белгіленбеген жерлерге төгілген қоқыстар мен тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы орындарға тасылмақ. Бұл жұмыстарға қала аумағындағы іргелі кәсіпорындардың техникалары жұмылдырылатын болады. Солардың күшімен қала аумағындағы 5000 текше метрдей болатын қоқыстар сыртқа тасылады.
– Жалпы, қаланы сәулеттендіру, тазалау және көгалдандыру бұл екіайлықпен ғана шектелмейді. Қалада тазалық жұмыстары жыл бойы жалғасады. Әр тоқсан сайын қаладағы саябақтарды, скверлер мен аллеяларды, көшелердегі көкжелектерді дәрілеу, дезинфекциялау жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл үшін қалалық бюджеттен 4 908,0 мың теңге қаржы қаралып отыр. Сондай-ақ, қаладағы қисық өскен, және қала сәулетіне нұқсан келтіретін ағаштарды кесу, тәртіпке келтіру үшін 3 000,0 мың теңге бөлінді. Бұл жұмыстар сәуір айының 1-інен басталады.
Мұның сыртында 20 мың дана бір жылдық гүлдер егу де жоспарланған. Оның 12 мың данасы Қаражал қаласында, 8 мың данасы Жәйрем кентінде отырғызылатын болады, – дейді бөлім басшысы бізбен әңгімесінде.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ