Аптаның басында Ақмола облысының Зеренді ауылында «AMANAT» партиясы Жастар қанатының кезектен тыс VI cъезі өтті. Оған еліміздің əр аймағынан үш жүзден астам делегат қатысты. Жастардың осы үлкен форумынан кейін біз Қаражал-Жəйрем өңіріндегі жастар ресурстық орталығының маманы Сəния ТОҚАБАЕВАҒА телефон соғып, оның съезден кейінгі ойын білген едік.
– Сəния Əбікенқызы, съезден кейін қандай ой түйдіңіз? Жалпы бұл жиын сізге қандай əсер берді?
– Иə, съезде көптеген өзекті мəселелер сөз болды. Қазақстанның барлық өңірінен келген делегаттар тек жастар қанатының қызметін жақсарту бойынша ғана емес, сонымен қатар жалпы мемлекеттің дамуы үшін қажет экономикалық, əлеуметтік, мəдени сипаттағы идеяларды ұсына алды. Патриотизмді, азаматтық ұстанымды қалыптастыру, жас қазақстандықтардың əлеуетін арттыру жайы жан-жақты айтылды. Маған, əсіресе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың съезд делегаттарына арнайы үндеуі ерекше əсер етті. Онда Президент Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атады. Олар – терең білім, еңбекқорлық жəне отаншылдық қасиет.
– Осы бағыттарды жіктеп айтып бере аласыз ба?
– Əрине. Біріншіден, Мемлекет басшысының айтуынша, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды, болашақтың кілті – цифрлық технология мен инновацияда. Сондықтан бірнеше тіл біліп, түрлі кəсіп игеру жастардың қолынан келеді. Президент атап өткендей, еліміз бəсекеге қабілетті болуы қажет. Халқымыздың əл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту керек. Мемлекет басшысының айтуынша, білімді əрі білікті өрендер ғана биік мақсатқа жете алады. Елге тірек болу – əрбір жастың мұраты. Ел жастардан тың бастамалар жəне озық идеялар күтеді.
Екіншіден, жастар адал еңбекті бағалап, рухы биік, санасы сергек болуға тиіс. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, жаһанданудың жағымсыз əсерлерін де естен шығармауы керек. Мемлекеттік мүдде бəрінен биік тұруы қажет екенін айта келіп, Президент əрбір жасты ана тілін, ата дəстүрін, төл тарихын білуге үндеді.
Үшіншіден, отаншылдық қасиет туралы Мемлекет басшысы əркім қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуі керек екенін, туған елге құрмет жалынды сөзден емес, жасампаз істен көрінетінін, алдына мақсат қойған азамат нағыз мемлекетшіл тұлғаға айналатынын айрықша атап өтті.
– Партияның Жастар қанаты «Жастар рухы» деп аталатын болды. Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Бұл – дұрыс шешім. Жастарымыздың жігері, рухы еліміздің болашағын айқындайды. «Жастар рухының» мүшелері əділдікті, білімді, адал еңбекті, еркіндік пен патриотизмді басты бағыт етіп ұстануы керек.
Қазір біз Жаңа Қазақстан құру жолындамыз. Ал, оның бел ортасында біздер – жастар жүруіміз керек. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Сондықтан да, «Жастар рухы» санмен де, сапамен де жұмыс істеуі тиіс. Ортақ мүдделі іске талантты, еңбекқор жастарды тартып, олардың бойына құндылықтарды сіңіру қажет. Еліміздегі жастардың көзқарасы, ұстанымы мен алға қойған мақсаты əрқилы болғанымен, оларды туған жерімізді, тəуелсіз жəне айбынды Қазақ елін өркендетуге деген ұмтылыс біріктіреді. Ендеше, қазір болып жатқан өзгерістер жарқын болашаққа деген үмітті қайта оятып, жастардың рухын көтерді деп толық айта аламын.
– Енді əңгімені өз өңірімізге қарай бұрайық. Қаражал қаласы жастар ресурстық орталығында қанша мүше бар?
– Жалпы, Қаражал қаласында 14 пен 29 жас аралығындағы 5 107 жас бар. Олардың 976-сы – мектеп қабырғасында, 870-і – арнаулы орта білім беру оқу орнында, 1 393-і жоғарғы оқу орнында білім алып жатса, 1 840 жас əртүрлі салада жұмыс істейді.
– Ресурстық орталықтың негізі міндеті осы жастармен жұмыс қой. Бұл қалай жүріп жатыр, қандай жоспарлар қарастырылған?
– Жұмыс өте ауқымды. Жоспар да жүйелі. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысында қалалық жастар ресурстық орталығының тікелей ұйытқы болуымен 18 іс-шара өткізіледі деп жоспарланған. Оның ішінде «Мəңгілік елге – жастармен бірге» атты қалалық жастар форумы, «Тəуелсіздік – Тұғырым» форумы, сондай-ақ, «Тарихы терең, тұғыры биік Қазақстан» акциясы бар.
Мемлекеттік органдар жəне қоғамдық жастар бірлестіктерімен жастардың мəселелерін шешуде іс-қимылды үйлестіру, сондай-ақ, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыстар ұйымдастырылады. Бұл бағытта 2022 жылға арналған Қаражал-Жəйрем өңірінде жастардың салауатты өмір салтына бейімделуін көздейтін іс-шаралар жоспары бекітілген. Əлеуетті əрекеттер соған сəйкес, мақстатты негізде жүргізіледі.
– Жастарды жұмыспен қамту, кəсіпкерлікке баулу бағытында қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?
– Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай істер бар, Мəселен, үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне 180 адам (оның ішінде 16-29 жас аралығындағы 65 жас) өтініш білдірсе, оның 157-і тұрақты жұмысқа орналасты. Атап айтқанда, қоғамдық жұмыстарға – 55, əлеуметтік жұмыс орындарына – 9, Жастар практикасына – 6, қоғамдық ұйымдастыру жұмыстарына 87 жас тартылды.
Ал, кəсіпкерлікке баулу жайына келер болсақ, өңірде жастар жəне жастар ұйымын дамыту жəне қолдау мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы əзірленді. Жыл сайын «Жастар кəсіпкерлігін дамытуға жəне қолдауға Қаражал қаласы əкімінің грантын табыстау» жобасы жүзеге асырылып келеді. Биылғы жылы жобаны ұйымдастыру мақсатында жергілікті бюджетткен 6 млн. теңге қарастырылып отыр.
Жалпы, 2021-2025 жылға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Кəсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 2022 жылға 40 адамға 400 АЕК көлемінде грант беріледі деп жоспарланған.
– Жастар ресурстық орталығы қызмтінің тағы бір өзекті бағыты – NEET санатындағы жастармен жұмыс. Бұған қатысты не айта аласыз?
– Иə, бұл – жастар орталығы жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Жалпы, Қаражал-Жəйрем аймағы бойынша NEET санатындағы тіркелген жастар саны – 28 адам. Біз олармен мейлінше тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатырмыз. Олардың əрқайсына бос жұмыс орындары ұсынылып, кəсіпкерлік негіздеріне оқыту, жастарды мемлекеттік қолдау шаралары түсіндіріліп, құқықтық жəне психологиялық кеңестер беріледі. Осы мақсатта аталған санаттағылардың санын қысқарту, жұмыспен қамту мақсатында кəсіптік оқуға жолдама беру, жұмысқа орналасуға жəрдемдесу, оның ішінде, инфрақұрылымдық жобалар, əлеуметтік жұмыс орындары мен Жастар тəжірибесіне арналған жұмыс орындарын ұсыну, қоғамдық жұмыстарға тарту, жеке кəсіп ашуға қала жəне облыс əкімінің гранттары, шағын несиелер туралы хабардар ету жəне қызығушылығын арттыру сияқты белсенді шаралар қолға алынды.
– Жөн екен. Соңғы сауал, биыл қалада «Жасыл Ел» жастар жасағы құрылды ма?
– Өңірде мемлекет келешегінің кепілі саналатын жас буынды қалыптастыру мақсатында біршама тыңғылықты шаралар атқарылу үстінде. Жыл сайын орталықтың мұрындық болуымен қала көшелерін абаттандыру, көгалдандыру жəне сəулеттендіру бойынша іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұған «Жасыл Ел» бағдарламасы аясында жазғы демалыс кезеңінде кəмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыру шаралары жүргізіледі. Бұл бағдарлама маусым, шілде, тамыз айларына негізделген. Бүгінгі күні Қаражал-Жəйрем аймағы бойынша 16 мен 29 жас аралығындағы 135 жас ата-аналарының рұқсатымен жəне қатысушы жастардың өз еркімен жұмысқа тартылған. Олардың жұмысын қадағалаушы топ құрылып,жұмыс көлемі бекітілген.
Сарбаздарға күнделікті жұмыс көлемін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары жəне тұрғын үй инспекциясы бөлімі белгілеп отырады.
«Жасыл Ел» бағдарламасына негізінен аз қамтылған, атаулы көмек алатын, толық емес отбасынан шыққан жастар тартылады.
– Əсерлі əңгімеңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.