№6 мектепке автобус берілді

Өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы облыстағы 10 мектепке оқушылар тасымалдайтын шағын автобустың кілтін табыс етті. Сол автобустардың бірі қаламыздағы №6 мектептің еншісіне тиді.

– Облысымызда 88 мектеп бар болатын болса, оның 18-інде 1026 оқушы мектепке тасымалданады. Қазіргі қолданыстағы мектеп автобустарын кезең-кезеңмен жаңартуды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы 10 мектеп автобусын сатып алу үшін бюджеттен 462 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, Ұлытау ауданының мектептеріне 60,5 млн теңгеге 5 автокөлік сатып алынды. Өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы көлік кілттерін тапсыру салтанатында:
– Автобустар мектептерге берілді, балалардың игілігі үшін пайдалануда, – деді.
Сонымен, осы жолы автобустар Маруа Құлұшева атындағы қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығына, Жезқазған қаласы білім бөлімінің №9 мектеп-интернатына, Қаражал қаласы білім бөлімінің №6 жалпы білім беретін мектебіне, Жаңаарқа ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы, Ақтау ауылдық, Жанайдар Садуақасов атындағы, Ынтымақ мектебіне, Ұлытау ауданы Жезді мектеп-интернатына, Ұлытау ауданы №7 және №4 ЖББ мектебіне берілді.
Орайы келгенде айта кетейік, өңір балаларына, оның ішінде шалғай ауылдардағы оқушылардың қолайлы жағдайда білім алуына жол ашу мақсатында Ұлытау облысы құрылғалы екі жылдың ішінде 26 қатынау құралы табыс етілген болатын. Игі шара алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ