50 текше метр қар шығарылды

Шаруа баққан бабаларымыз ауа райының әр кезеңін қалт жібермей бақылап, содан тұжырым жасап отырған ғой. «Ақпан – ақтүтек боран айы» деген сөз содан шықса керек.  Ал, ол қазір айна-қатесіз келіп жатыр.

Өткен апта қазыналы өңір Қаражал-Жәйрем үшін де қарлы, боранды болды. Ауа райының осындай қолайсыздығы салдарынан өңірдегі барлық жолдар жабылып, көлік қозғалысы мен жолаушылар тасымалына едәуір кедергі келді.

Алайда, алдын-ала ұйымдастырылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде күн райы ашық қабақ танытқан сәттен бастап жолдарды қардан тазалау қолға алынды. Бұл бағытта мердігер «Zangar-2205» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жұмыскерлеріне ел дән риза. Таңның атысы, күннің батысы демей, тынымсыз еңбек еткен азаматтардың жіті қимылының арқасында қысқа мерзімде барлық жолдар тазартылып,  ашылды.

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мекемесі таратқан ақпаратқа қарағанда, қалада қар тазалау жұмыстарына 5 бірлік арнайы техника  жұмылдырылған. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеуде. Қаладағы көшелер мен тротуарларды қар мен мұздан тазартуда 5 бірлік арнайы техника, ал түнде 4 бірлік арнайы техника жұмыс істеді. Нәтижесінде 50 текше метрден астам қар сыртқа шығарылды.

Қазір қалада қарды тазарту және шығару жұмыстары жалғасуда. Осылайша қала тұрғындары мен қонақтарына қалада еркін жүріп-тұруларына қолайлы жағдай жасалуда.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ