Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов Жәйрем кентінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге кент тұрғындары, депутаттар және қауымдастық мүшелері мен жергілікті және қалалық мекемелердің басшылары қатысты.
Қала әкімінің жәйремдіктермен кездесуі атқарылған жұмыстар бойынша берген есебімен бастау алды.
Қала басшысы өз баяндамасында Жәйрем кенті тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға әсер ететін 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы 1,8 есе өсумен облыстық және қалалық бюджеттер қаражаты есебінен жоспарланған жобалар іске асырылып биылғы 2023 жылға 2,1 млрд теңге қарастырылғанын, оның ішінде жалпы автокөлік жолдарына облыстық бюджеттен 298,6 млн теңге және жергілікті бюджеттен 336,1 млнтеңге бөлінгенін, 2022 жылмен салыстырғанда 75 пайызға артқанын (2022 жыл – 362,4 млн теңге), 2023 жылға кентті абаттандыруға жергілікті бюджеттен 281,1 млн.теңге қарастырылғанын, кент көшелерін жарықпен қамтамасыз ету мақсатында 80 млн теңге бөлінгенін, ал 2022 жылмен салыстырғанда 60 пайызға артқанын (2022 жыл –50,1 млн теңге) жеткізді.
Сонымен қатар, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің су бұру жүйесінің апатты жағдайы өзекті мәселе болып қала беретінін, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің кәріз желілерін қайта жаңарту бойынша екі жоба іске асырылып жатқанын, түзетуді ескере отырып, жобаларды іске асыру құны: Жәйрем кенті бойынша — 3 407,7 млн теңге (2023 жылы 1119,3 млн теңге бөлінді (ҚР ҰҚ-773,5 млн теңге, ОБ-345,8 млн теңге), 2024 жылға болжам — 2935,5 млн теңге (ҰҚ-1036 млн. теңге, ОБ-1899,5 млн теңге) екендігін баяндады. Аталған жобаның аяқталу мерзімі — 2024 жыл. Бұл жобалардың іске асырылуын облыс бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.
Келесі кезекте Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов кентте атқарылған жұмыстар бойынша өз есебін беріп, әрі қарай кент тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтар талқыланды.
Ең бірінші болып Қаражал қалалық мәслихаттың депутаты Айтуған Охан Металлургтер көшесіндегі 37 үйдің сыртын қаптау жұмыстары қашан аяқталатынын, Қаражал трассасынан Ескі Жәйрем жолы қашан жөнделетінін, үлкендерге футбол ойынына дайындалу үшін мектеп спорт залдарына рұқсат қалай алуға болатынын, ағымдағы жылы жоспарланған Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығына балаларды жарысқа тасымалдау үшін көлік не себепті алынбағанын сұрады.
Бірінші сұраққа «Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұрсұлтан Сауытбаев бірінші мердігер жұмысын уақытылы аяқтамағандықтан сотқа құжаттары жіберілді және осыған орай екінші мердігер жұмысын атқаруда. Қазіргі таңда аталмыш мердігердің уақыты аяқталып сотқа берілді және сот шешімі бойынша 5 желтоқсан күніне дейін уақыт берілді деген жауабын берді.
Келесі сұрақтарға кент әкімі Қайрат Жансағымов Қаражал трассасынан Ескі Жәйрем жолы «ЖКБК» АҚ тиісті болғандықтан автокөлік жолын қалыпқа келтіру осымен бірнеше рет қозғалуда және аталмыш мәселені «ЖКБК» АҚ басшысына хаттаманы көрсетіп хат жолдайтын боламыз, ал мәдени-сауық орталығына көлік алу жоспарда бар. Көлік сатып алу процестері көп уақыт алатын болғандықтан келесі жылға қалдырдық деп жауап берді.
Жергілікті қауымдастық төрағасы Асқарәлі Омаровтың: (жұмысы сапасыз жүріп жатқан Металлургтер көшесі, 37 үйдің сыртын қаптаудағы сметалық құжаттамаларды көруге және сол арқылы тексеруге бола ма деген сұрағы бойынша қала әкімі «Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Н.Сауытбаевқа аталмыш үйдің сметалық құжаттамаларын толықтай әкеліп Жәйрем әкімдігі, депутаттар және қауымдастық мүшелеріне көрсетіп, үйді толықтай бақылауға алуды тапсырды.
Келесі кезекте Қаражал қалалық мәслихат депутаты Марлан Шамбулов кентіміздегі бұзылған үйлердің қоқыстарын шығарып тасу үлкен мәселе болып отыр. Осы мәселені қолға алып толықтай қоқыстан тазартылса деген ұсынысына кент әкімі:
– Бұл мәселе бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Қазіргі таңда Мұратбаев көшесі 3 үй толықтай бұзылып, қалдықтары қоқыс полигонына тасылуда. Тез арада тасуларын бақылауға алатын боламыз, — деген жауабын берді.
Қаражал қалалық қоғамдық бақылау мүшесі Нұрлан Жаппаров қойған Қаражал-Жәйрем арасындағы автокөлік жолдарында Шансиман көліктерімен көмір тасымалдауда, көмірдің беті жабылмаған және салмағын қанша екенін тексеруге бола ма деген сұраққа Қаражал қаласының прокуроры Дархан Берікұлы Қаражал Жәйрем автокөлік жолдарында салмағы үлкен көліктер көп жүреді. Қаражал қаласының қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өлшеуішке өлшеп, айыппұл салу жолдарын қарастыру қажеттігін айтты.
Қалалық мәслихат депутаты Данияр Жақсыбековтың кент бойынша жүретін әлеуметтік жолаушыларды тасымалдайтын көлік бойынша сұраған ақпаратына кент бойынша жүретін әлеуметтік көлікті анықтау үшін мемлекеттік портал арқылы конкурс жарияланды. Нәтижесі 30 қарашада шығады. Ұтып алған мердігермен 1 желтоқсаннан бастап жұмыс жүргізіледі деген жауап берілді.
Кентіміздің тұрғыны Ғазиз Смағұловтың аурухана жанында орналасқан автожанармай құю бекетінің орынын ауыстыру жайындағы өтініші Жәйрем кентінің кешенді жоспары бойынша көптеген нысандар сыртқа шығарылған кезде қанағаттандырылатын болды.
Кент тұрғыны Айжан Ақбердиеваның «2022 жылы кент әкімінің есеп беру кездесуінде Абай көшесі 11, 13 үйлері қалыпқа келтірілетін болады дегенсіздер, алайда жұмыс жүргізілмеді. Бос үйлерді неге бұзып жатырсыздар» деген сауалына кент әкімі Қайрат Жансағымов:
– 2022 жылдың аяғы 2023 жылға жасалынатын жұмыстарға жоспар ұсынылады. Абай көшесі 11, 13 үйді жөндейміз деген жоспармен экспертизаға тапсырылған, алайда сынақ қорытындылары бойынша аталмыш көп қабатты тұрғын үй жарамсыз болып танылғандықтан қалыпқа келтіру жұмыстарына қаражат сұралмады. Алдағы уақытта аталмыш үйлерді бұзатын боламыз. Жалпы Жәйрем кенті бойынша бірнеше көп қабатты тұрғын үйлер сынақ қорытындысына тапсырылды. Сынақ қорытындасына сай жарамды болған үйлерді қалыпқа келтіру жұмыстарын, жарамсыз болып танылған үйлерді бұзып бос орындарға абаттандыру жұмыстарын жүргізетін боламыз, — деп жауап берді.
Жергілікті қауымдастық мүшесі Елік Макишеваның «дүкендерде нан бағасы неге қымбат?», деген сұрағына қала басшысы:
– Нан бағасының қымбаттылығын кәсіпкерлер қазіргі уақытта Жезқазған қаласынан емес Қарағанды қаласынан ұнды әкелуінен деп түсіндіруде, алайда кәсіпкерлер палатасының бөліміне менің тарапымнан 1 нанның құнын, салмағын, ұнды әкелу жолын барлық шығындарын есептеуге тапсырма берілді. Алдағы уақытта шығынды есептегеннен кейін толығырақ айтатын боламыз, — деп жауап берді.
Келесі кезекте арнайы орнатылған жәшіктерге салынған сұрақтар оқылды. Жәшіктен шыққан сұрақтар: такси құны неге қымбат, кентімізге 24 сағат жұмыс жасайтын дәріхана керек, Горняков көшесінде орналасқан 2-қабатты үйлерге қоқыс жәшігі керек.
Бұл сұрақтарға да тиісті жауаптар беріліп, қала әкімі қатысушыларға алғысын білдіріп, осы есептік кездесуде көтерілген мәселелер мен сауалдар бойынша іс-шаралар жоспары әзірленетінін, жоспар бойынша жұмыстар жүргізілетінін, мәселелер үнемі бақылауда болатынын жеткізді.
Әрі қарай қала басшысы Айқын Елеусізов жеке қабылдауына жазылған тұрғындармен жеке кездесті.
Теректі ШАҒАТАЙ.