Жер бетіне жаңа күн, жаңа күнмен жаңа жыл келеді деп сүйіншіге шабады бұл күні қазақ. Қазақ қана емес, адамзат, жан-жануар біткен күн нұрына малшынып, шуаққа кенеледі. Нұр жауып тұрған ұлыстың ұлы күні Наурызда, әрине. Ақырап пен қарашаның қатқағына ұрынып, алты ай қыс қар астында қалып көрмеген қалалықтар түсіне бермейтін не ғаламаттың бәрі «нұр жауып тұрған көктеммен» бой көтереді. Бөктерге гүл тере бармаған қоғам түсіне бермейтін көңілдің хошы, өмірдің десі де төбе көрсетеді ұлыс күні. Алты ай қыс ауыл-аймақтан ұзап шыға қоймаған Алаш баласы үшін жер аяғы кеңіп, ай-хой бір азаттықтың лебі еседі. Қазақ үшін наурыз қайта туудың немесе жаңарудың айы. Мұқағали айтқандай «нұр жауып тұрған» Арқаның көктеміне жететін не бар дүниеде?
Дүние жаңарып сала бергенде, аспан көзайымға айналады. Базарлап, түстіктен қиқулап құс келеді, жерден көк шығып, қорадан төл өреді. Аспаннан күн жамырайды жер-анаға. Алты ай қыс үзілуге айналған, мүмкін өліп те қалған әлдебір сезімдер, онымен қоса үміт-дүние қайта тіріледі. Жер бетіндегі жан баласын жермен жексен етіп жібермей ұстап тұрған адамзаттың ұлы үміті. «Үміт жібі үзілсе үгілер ең, ғұмырыңның батпандай жүгіменен» (Ғ.Жайлыбай) дейтіні сондықтан ақынның. Алашының азаттығы үшін шыққыр жаны көзіне көрініп, өлуге айналса да, «Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деген Әлихан Бөкейханның ақтық үміті еске түседі осындайда.
Тамырсыз тастың өзі жан біткендей кейіпке енетін Наурыз мейрамы шын мәніндегі жаңа жыл екеніне есі дұрыс ел күмән келтірмейді. 22-сінде күн мен түннің теңелетіні өз алдына, бұдан былай қараңғыны жарық, суықты жылу жеңіп, бір Алланың қалауымен жер-дүние жасарып шыға келеді. Ендеше, Құдай күнін беріп тұрғанда жаңа жылды қарсы алып, тойламай не көрініпті?
Орыстың бір білгіші өздерінің отандық арнасына сұхбат беріп отырғанын ғаламтордан көргенім бар. Аты-жөні есімде қалмапты. Сөйлеп отырған әлгі ұлты орыс бола тұра, «біздің жаңа жылды қаңтар айында келеді деп, осы айдың бірінен бастап қарсы алып жүргеніміз – ақылға сыймайтын күлкілі жағдай. Бұл күн – шырша тойы мереке шығар, алайда, табиғи жыл алмасуы бойынша жаңа жыл март айының 20-нан кейін келеді» дегені есімде қалыпты. Мұнымен мен елімізде жалпыхалықтық сипат алып кеткен шырша тойын жоққа шығарғым келіп отырған жоқ. Мәселе – біз Наурыз мейрамын жаңа жыл ретінде емес, шығыс елдерінің мерекесі, я болмаса, Түрік халықтарымен бірге Қазақ елі ғана тойлауға тиіс мереке деп ұғуымызда. Ұлыстың ұлы күнін жалпыхалықтық емес, тек өзімізге ғана тән ұлттық мереке танытып, жыл сайын бір-ақ рет тамашалайтын жәдігер ретінде киіз үйге тығып тастауымызда әңгіме. Құдды біз шапан, бөрік киіп, киіз үйге кірмесек, Наурыз келмейтіндей. Ұлттық киімдерімізді заманауи үлгіде тіктіріп, күнделікті өмірде киіп жүрсек қой?
Қалада өскен қазақтың бір баласы киіз үйді көріп, таңданысын жасыра алмай, «наурызды қараңдар» депті. Жоғарыдағы әңгіме ауыздан ауызға тарап кеткен осы анекдоттан туып отыр. Наурыз, яғни, жаңа жыл – бөрік пен шапан, саптама етік киіп, киіз үйден шыға салып, көкпар тартып, қыз қуу емес. Біз ұрпақ санасына қазір солай сіңіріп жатырмыз. Иә, мал баққан көшпелі қазақ ертеде солай тойлады жаңа жылды. Өйткені, ол – еліміздің сол кездегі өмір сүру салты еді. Қазір біз осы құндылықтарымызды жандандыра отырып, жыл басын заманауи үлгіде тойлауға көшуіміз керек сияқты. Ұлыстың ұлы күні – 22 наурызды ендігі ұрпақ шын мәніндегі жаңа жыл екенін сонда түсінбесе, қайдам?! Егер еліміз бұдан былай жаңа жылды заманына қарай жаңаша тойлай бастағаны ләзім дер едік. Мәселен әуел баста шыршаны қазіргідей қызылды-жасылды безендіре алмаған шығар. Ол баста аспанға отшашулар атпағаны да анық. Заман дами келе уақытқа сай көріктендіріп жіберді жұрт. Ал, аяз ата, ақша қарға келсек, қазақ танымындағы Қыдыр ата мен Қарша қыз да балаларға сыйлық жасай алар еді ғой.
Жасыратын несі бар, біз бала күнімізде мектепте аяз ата мен ақша қардың қоржынынан кәмпит жеп өстік. Әйтпесе, жаңа жылды итім біліп пе? Қазір жағдай тіптен жақсы. Ұлыстың ұлы күні балаларға бағалы сыйлық таратуды да ұмытпайық. Халықтың мерейі періште сәбилердің ақ тілеуімен өссе керек.
«Ұлыс оң болсын!» деген сөз тілектің алды біз үшін. Ел аман, мемлекет іргесі бүтін, ондағы ұрпақ түзу болсын дегені. Кейбір дерекшілер «ұлыс емес, ұлы іс» деп жүр. Оған да келістік. Ұлт пен мемлекет ісінен өткен қандай ұлы іс болуы мүмкін?! Түріктер «дәвләт» дейді мемлекетті. Басыңда тәуелсіз мемлекетің тұрса, одан асқан дәулет бар ма? Тағы да Жошының әкесі ұлы Шыңғыс хан түседі еске. «Ұлы істі үндемей тындырар болар» депті Қаған. Ұлы іс тындырып, тамам Түрік жұртының бақжұлдызына айналған ұлы хан құрған ұлыстың оты суыған жоқ.
Ұлыс күні барша Қазақстан халқы төс қағыстырып, бір-бірін жаңа жылымен құттықтап, ақ тілектер айтылады. Қазақ қашанда ниетімен көгерген ел. Бұл күндері көктен Күн мейірленсе, жерден адамзат баласы ізгі ниеттерін жаудырады. Әлемнің жаңаруына адамзаттың ақ тілеуі қосылғанда, нұр үстіне нұр сонда болады. «Қасықтай қар, тобықтай тоң қалмайды» деп әрі қарай Наурыз тойының ерекшеліктерін тізе берсе, таусыла ма?! «Нұр жауып тұрған көктемге» бір іліккен соң, ақ тілектен артық не бар? Алаш аман, ел іргесі бүтін, жыл құтты болсын!
Бекжан БАҚТИЯР.