Болмысы бөлек құжат

Бұған дейін сан Жолдауды тыңдап, талайына тамсанып, талайына таңырқаған едік. Бірақ бұл Жолдаудың болмысы мүлдем бөлек. Бұл шынайы саяси реформаларға негізделген, елдің көкейіндегіні дөп басқан, елдің бөркін аспанға лақтыртқан Жолдау болды.

Ең бастысының бірі – өңірге қатысты жүрекжарды қуанышқа негіз болуы. Ұлытау-Жезқазған жұрты қаншама жылдан бері дауысы жеткенше айтып, шамасы келгенше жеткізіп жүрген ең басты, ең өзекті мәселе – бұрынғы облыстық дәрежеміз қайта оралды. Жай оралған жоқ, Ұлт ұясы атанған Ұлытаудың есімін иеленді.

Бұл өңірдің әлеуметтікэкономикалық өркендеуіне ғана емес, тарихтың тылсым сырларын бауырына басып жатқан қасиетті қарт Ұлытаудың туристік әлеуетінің артуына да зор ықпалын тигізбек. Ұлыстың Ұлы күнінде ақ түйенің қарыны жарылған күн болды бұл. Ұлы істердің бастауы болатын күн болды бұл.

Жолдаудың болмысын бөлек еткен тұстар мұнымен ғана шектелмейді. Қоғамдық ұйымдар, саяси партияларға қатысты қадау-қадау мәселелер елдің көкейіндегісін дөп басты. Тіпті Президент партия төрағасы лауазымынан бас тартатынын мәлімдеді.

Жолдаудың көңілге қонымды тұстары тізбелей берсек, таусылмайды. Басқаны атпағанда, енді ауылда айранын ұрттап, қойын құрттап жүрген қарапайым шаруа адамы да сайлауға үміткер ретінде қатыса алады. Жаңа партия құрамын десе, оған да жол ашылды.

Болмысы бөлек Жолдауда бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты да орамды ой айтылды. «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды» деген Мемлекет басшысы «БАҚ туралы» Заңды қайта қарау қажеттілігін атап көрсетті. Демек, алдағы уақытта «біздің көшеде де той болады» деген сөз бұл.

«Жүректен шыққан сөз, жүрекке жетеді». Мемлекет басшысының «бұл істерді жүзеге асыру менің президенттік те, перзенттік де парызым» деген сөзі риясыз көңілден шыққаны айқын аңғарылып тұрды. «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын» дегенінің өзі не тұрады?!

Бұл құжат бәріміз үшін темірқазық болуы керек. Осы жолда жұмылуымыз қажет.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ