МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ МӘН БЕРІЛДІ

Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңесте облысты газдандыру, мәдениет пен өнер саласындағы креативті индустрияны дамыту және цифрландыру, гемодиализ алатын науқастарды жеткізуді ұйымдастыру жайында сұрақтар қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Алмаз Жандарбеков баяндама жасады. Бұл ретте облыс әкімі жалпы облыс бойынша газдандыру мәселесін назарға алатынын жеткізіп, Қаражал қаласында сәуірде басталатын газификация жобасының құрылысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Сондай-ақ өңір басшысы облыс орталығында бастау алған креативті индустрияны өзге де қала-аудандарда дамыту тәжірибесін зерделеу, аталған жұмысқа жас та талантты ұлытаулықтарды жұмылдыру және аталған сала өкілдеріне жататын кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдау шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын күшейту міндетін қойды.

Аппарат жиынының соңғы сұрағы бойынша Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірдегі гемодиализ алатын науқастарды тасымалдау ісін ұйымдастыратын қосымша орталықтар ашуды қолға алуды және аталған тұлғаларға қызмет көрсетуге қолданыстағы заң талаптарына сәйкес қаржы қарастыруды тапсырды.