Қаражал қаласының орталық кітапханасында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, жыр әлемінің мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай «Жырлайды жүрек» атты өлең оқу байқауы ұйымдастырылды. Байқауға қала мектептерінің оқушылары қатысып, ақын шығармашылығына деген сүйіспеншіліктерін жыр арқылы паш етті.
Іс-шара ақынның «Есіңе мені алғайсың» әнімен ашылып, поэзияға толы әсерлі атмосферада өрбіді. Жүргізушілер Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылық жолына тоқталып, оның қазақ әдебиетіндегі орны мен поэзияға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ақынның «Үш бақытым», «Аққулар ұйықтағанда», «Фариза», «Жылдарым, менің жылдарым», «Жас қайың», «Ғашықпын» сияқты туындылары оқылып, тыңдарман жүрегінен орын алды.
Байқау барысында № 1 тірек мектебі (ресурстық орталық) мен № 7 мектептің оқушылары Мұқағали жырларын мәнерлеп оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Қатысушылар өлеңді жатқа оқу, көркем жеткізу, эмоциялық әсер беру және шығарманы түсіну деңгейі бойынша бағаланды. Қазылар алқасы қатысушылардың дауыс ырғағы, сахна мәдениеті мен көркемдік шеберлігіне ерекше назар аударды.
Сондай-ақ, іс-шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, көрермендерге танымдық сұрақтар қойылды. Бұл оқушылардың ақын мұрасын тереңірек тануына мүмкіндік берді.
Байқау соңында қазылар алқасының шешімі жарияланып, жеңімпаздарды үлкен жетістіктермен құттықтады. Байқау жеңімпаздары анықталып, Алғыс хаттармен, мадақтамалармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтсақ, І орынды Айару Жуаныш қанжығасына байласа, ІІ орынды Нұрай Берік иеленді. Ал ІІІ орын Ақмарал Ібіратайға бұйырды. Басқа таласқа түскен қатысушыларға Алғыс хаттар табысталды. Іс-шара қорытындысында Мұқағали поэзиясының мәңгілік екені, оның жырлары әр ұрпақпен бірге жасай беретіні айтылып, оқушыларды әдебиетке, поэзияға баулудың маңыздылығы атап өтілді.
Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы – қазақ халқының рухани қазынасы. Ақын жырлары жүректерде жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.
Тлеухор БАЙШУКЕНОВА,
ОКЖ директоры.