Жамбыл Жабаев – қазақ халқының рухани мұрасына өлшеусіз үлес қосқан ұлы ақын, халық поэзиясының алыбы. Оның отты жырлары мен терең ойлы толғаулары ғасырлардан асып, бүгінгі ұрпақтың да жүрегіне жол тауып келеді. Биыл ақынның 180 жылдық мерейтойына орай еліміздің әр өңірінде түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Осындай тағылымы мол шаралардың бірі жуырда Жәйрем кентіндегі № 10 жалпы білім беретін мектеп базасында өтті. Мұнда қалалық деңгейде 4–6 сынып оқушылары арасында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған мәнерлеп оқу байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақты қазақ әдебиетіне баулу, ақын шығармаларын кеңінен насихаттау, сондай-ақ, оқушылардың көркем оқу шеберлігін шыңдау.
Шара барысында қатысушылар ұлы ақынның жалынды жырларынтебіреніспен орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Жамбыл жырларындағы елдік рух, халықтың мұңы мен қуанышы, өмірге деген сүйіспеншілік жас оқырмандардың орындауында жаңаша сипат алып, көрермендердің ықыласына бөленді.
Байқауға қаланың әр мектебінен келген жас таланттар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Олардың өнерін бағалау үшін арнайы қазылар алқасы құрылды. Қазылар алқасының құрамында қалалық білім бөлімінің әдіскерлері – Мадина Рахимова мен Алтынай Сыздықова болды. Қатысушылардың өнері көркем оқу шеберлігі, дауыс мәнері, сахна мәдениеті, өлең мазмұнын жеткізе білуі сияқты талаптар бойынша бағаланды.
Байқау қорытындысы бойынша 8 оқушы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, әртүрлі номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, «Жас талант» номинациясы № 11 жалпы білім беретін мектептің 5 сынып оқушысы Әдина Қалмағамбетоваға берілді. «Жас жыршы» номинациясы № 1 Тірек мектебінің 6 сынып оқушысы Ажар Нұрғалиға табысталды. «Көрермен көзайымы» номинациясын № 3 жалпы білім беретін мектептің 4 сынып оқушысы Іңкәр Қалқаман иеленді. «Жүрекке жеткен жыр» номинациясы № 7 жалпы білім беретін мектептің 5 сынып оқушысы Нұрай Сатановаға бұйырды.
«Тіл шебері» номинациясымен № 6 жалпы білім беретін мектептің 6 сынып оқушысы Айару Қайрат марапатталды. «Болашақ ақын» номинациясын № 30 жалпы білім беретін мектептің 4 сынып оқушысы Әлихан Мұрат иеленді. «Үздік дауыс ырғағы» номинациясы № 5 жалпы білім беретін мектептің 4 сынып оқушысы Әлихан Төлегеновке табысталды. Ал «Үздік мәнерлеп оқу» номинациясымен № 10 жалпы білім беретін мектептің 6 сынып оқушысы Бибімәриям Рахманова марапатталды.
Мәнерлеп оқу байқауы жас буынның өнерге, әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға да зор ықпал етті. Ұлы ақынның жырлары арқылы оқушылар халқымыздың рухани мұрасымен жақынырақ танысып, сөз өнерінің құдіретін тереңірек сезінді.
Қазақ халқының рухани қазынасында өшпес із қалдырған Жамбыл Жабаев – халық жадында мәңгі сақталатын ұлы тұлға. Оның елдік рухқа толы жырлары әлі талай ұрпақты жігерлендіріп, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыра бермек.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ
