Өмірде көп нәрсе әйелдерге байланысты екені белгілі. Ер елдің иесі болса, әйел үйдің киесі. Тіпті, кейбір бұрымдылар мекеменің де ішкі жұмысын ұршықша иіріп, ұжымды бір үйдің баласындай бірлік пен ынтымаққа ұйытып жүреді.
Біздің кейіпкеріміз Бегзат Төлепбекова да сондай, ұжымның ұйытқысы болып отырған жан. Негізгі қызметі Қаражал қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының материалдық-техникалық қамтамасыз ету және персоналмен жұмыс жөніндегі көмекшісі. Бір қарағанда аса жауапты қызмет емес сияқты көрінуі мүмкін. Ал, шындап келгенде бұл бөлімнің күре тамыры. Кадр, ішкі қызмет, метериалдық-техникалық базаның тұрақты жұмысы, санай берсек бір-бірімен байланысты шегі жоқ қызмет. Мұндай істі ер-азаматтың өзі жүрексіне қолға алары анық. Ал осы салада сонау 2006 жылдан бері келе жатқан Бегзат Жетпісбайқызы үшін түк қиындығы жоқ. Мұның бәрі жылдар бойғы еңбекпен келген тәжірибенің арқасы.
Бегзат Төлепбекова өзінің еңбек жолын ең алғаш 2001 жылы әлеуметтік көмек бөлімінде әлеуметтік қызметкер болып бастаған екен. Елмен тіл табысы, ұжымды ұйыстыра білу сол кездерден қалыптасса керек. Одан кейін қалалық әкімдіктің есеп-шаруашылық бөлімінде еңбек етті. Мұнда да беделсіз болған жоқ. Ал, 2006 жылы осы қалалық қорғаныс істер жөніндегі бөлімге қаржы-шаруашылық қызметкері болып қабылданған еді. Сол күннен бастап осында табан тіреп тұрақтап қалды. Бөлімде басшының кадр, саптық, құпия емес іс жүргізу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі көмекшісі бола жүріп ұжымның мықты бірлігін қалыптастырды.
Бегзат Жетпісбайқызы өзінің осы көпжылдық еңбек жолында бірнеше мәрте марапаттарға ие болды. «Жергілікті әскери басқару органының құрылғанына 100 жыл» толуына қарсы Қарағанды облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының Құрмет грамотасы соның бір парасы. Қазақстан Республикасының Қорғаныс қабілетін нығайтуға үлесін қосқаны үшін және өз функционалдық міндеттерін адал ниетпен орындағаны үшін Қаражал қаласының қорғаныс істері бөлімі бастығының грамоталары мен Алғыс хаттары өз алдына бір төбе.
Бегзат ұжымда үлкен құрметке ие. Әртүрлі іс-шараларға белсенді қатысады. Өзіне жүктелген жұмыстарды адал ниетпен орындайды. Өзінің лауазымдық міндеттерін уақытылы және сапалы атқарады. Осылайша ол Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін жастармен толықтыру және ел қорғанысын нығайтуға өзінің азды-көпті үлесін қосуда.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ