Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысовтың қатысуымен облыстық мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының отырысы өтті. Күн тәртібінде жылу маусымына дайындық, денсаулық және өрт қауіпсіздігі басты тақырып болды.
Фракция жұмысына басқарма басшылары, «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының барлық деңгейдегі атқарушы хатшылары қатысты. Отырысты фракция жетекшісі Светлана Жумкина ашып жүргізді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов жылу маусымына дайындық жұмыстары туралы баяндады.
– Жылу орталығында 8 қазандық бар. Біз биылғы қыстан 6 қазандықпен шықтық. Ақпан айында 6-шы қазандық қосылды. Соның арқасында жылу беруде іркіліс болмады. Биылғы мақсатымыз алдағы маусымында 2 қазандықты күрделі жөндеуден өткізіп, 5 пен 7 және 8 қазандықты толығымен іске қосу. Жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Қаражат бәрі бекітілген, – деді орынбасар өз сөзінде.
Дегенмен, алаңдаушылық та бар. Басты себеп – 5-ші қазандыққа жөндеу жұмысы наурыз айында басталу керек болатын. Алайда әлі басталмаған.
Отырыста күн тәртібіндегі мәселеге орай басқарма басшылары өз салалары бойынша ақпараттар ұсынды. 2024 жылы 337,8 шақырым сумен жабдықтау және кәріз желілерін салуға, сондай-ақ, реконструкциялауда 18 жоба іске асуда.
Алқалы жиында дала өрті мен құрғақшылықтың алдын алу шаралары да сөз болды. Ұлытау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абзал Ахметбеков өз есебінде өңірде ағаш отырғызу жұмыстары аяқталғанын, орман шаруашалығына жаңа техникалар алынғанын, өрт сөндіру кезінде адам тасымалдауға «ГАЗель» шағын автобусының сатып алынғанын тілге тиек етті.
Ал, денсаулық сақтау басқармасының басшысы медициналық мекемелердің жай-күйіне тоқталды. Сондай-ақ, 2024 жылы нәрестелердің шетінеуінің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шараларды баяндады. Оның айтуынша, ағымдағы жылы облыста 2024-2025 жылдарға арналған жүкті, босанатын және босанған әйелдерге медициналық көмекті одан әрі жетілдіру жөніндегі Жол картасы бекітілген. Ана мен бала өлімінің алдын алу жөніндегі бірлескен іс-қимылдардың ведомствоаралық жоспары негізіндегі іс-шаралардың орындалуына мониторинг жүргізіледі.
Баяндамалардан кейін депутаттар зум платформасы арқылы өзекті деген сұрақтарды қойып, тиісті жауаптар берілді.
Ізбасар ОЙБАС.