Жылу беру жұмыстары — ерекше бақылауда

Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай дейтін қараша айы елге жайлы болып басталғанымен желтоқсан қаһар көрсетті. Күн күрт суып, әлеужелілерде әлеуметтік ғимараттар мен тұрғын үйлердің салқындап кеткені жайлы әңгімелер айтыла бастады.

Бұл «сыбыс» облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының да құлағына жеткен сыңайлы. Жуырда өңір басшысы жауапты басқарма, ұйымдар мен қала-аудан әкімдерінің басын қосып жиын өткізді. Жылыту маусымына қатысты тұрғындардан келіп түскен әр шағым өзінің қатаң бақылауында екенін айтып, бұл бағытта талаптың жоғары болатынын ескертті.
– Жылыту маусымы – үлкен жауапкершілік, әрі ауқымды жұмыс. Қыс енді ғана басталғанымен, келіп түсіп жатқан шағымдар бар. Оларға дер кезінде жауап беріп, мәселе шұғыл шешілсін. Қазандықтардың жөндеу жұмыстарына қатысты қандай да бір проблема туындаса, жүгініңіздер, көмек қолын созуға дайынбыз, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмаз Жандарбековтің айтуынша қазіргі таңда Жезқазғандағы сегіз қазандықтың төртеуі жұмыс істеп тұр, екеуі жөндеуден өтуде, қалған екеуіне жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеудегі бір қазандық жыл аяғына дейін іске қосылады деп күтілуде. Ал Сәтбаев қаласында үш қазандық жұмысқа қосылған, біреуі резервте.
Сонымен қатар, Жезқазған қаласы «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорыны» АҚ басшысы Біркен Құлманов 91-94 орамдардағы жеке үйлердің жылу сорғысын қолдануы – қалған тұрғындарға жылу жеткіліксіздігін тудырып жатқанын айтты.
Жиында облыс әкімі мәдени, білім беру, денсаулық сақтау нысандарының генераторлары қажетті жанармаймен кез келген жағдайға дайын болуы қажеттігін ескертті.
Орайы келгенде айта кетейік, ауа райы күрт суыған кезде еліміздің кейбір өңірлеріндегі жылу беру орталықтарында ақаулар байқалып қалды. Кейбір мөлтекаудандардың тұрғын үйлері жылусыз қалған жағдайлар да тіркелді. Дес бергенде олар уақытылы жолға қойылып, жұмыс қалыпқа келтірілді. Дей тұрғанмен, апаттың аты апат.
Міне, осындай оралымсыздықтар орын алмас үшін жұмысты жіті бақылаған абзал. Жиында өңір басшысы сала мамандарына осыны қатаң тапсырды.

Досан ДҰЛЫҒАЛЫ.