«Жыл үздігі» иегерлері құрметке бөленді

Жылдың соңғы күндері әрқашан қуанышқа, мерекеге толы. Сол сәттердің бірі – Қаражал қаласында алғашқы рет ұйымдастырылған «Жыл үздігі» марапаттау кеші. Жыл бойы қажырлы еңбек етіп, табандылығы мен кәсібилігімен көзге түскен азаматтар осы күні өз еңбектерінің жемісін көріп, ел алдында құрметке бөленді. Біз де осы маңызды шараның басы-қасында болып, мерекенің әр сәтін тамашалап қайттық.

«Жыл үздігі» атағын иеленгендер – өз ісінің шебері, жауапкершілікті сезіне білетін, еңбегі арқылы өзгелерге шабыт беретін нағыз тұлғалар. Кештің жүргізушілері – Қарағанды облыстық академиялық драма театрының актері, «Жыл актеры-2025» сыйлығының иегері Бауыржан Нұрмағанбетов пен өнер әлемінде танымал конферансье Ақниет Мұса болды.

Мерекелік шара Қарағандыдан арнайы шақыртылған «ARAY» триосының керемет әнімен ашылып, қонақтардың көңіл-күйін бірден көтерді. Алғы сөзді қала әкімі сөйлеп, жыл бойындағы еңбектің жемісі – марапаттарды табыстады.

Қала басшысы құттықтау сөзінде:
– Құрметті қонақтар! Бүгін біз жыл бойы адал еңбектенген азаматтарымызды ерекше құрметпен атап өтеміз. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз – біздің қаламыздың дамуы мен өркендеуінің негізі. Әр салада еңбегімен көзге түскен әрбір азаматқа шын жүректен алғысымды білдіремін. Ерен еңбектеріңіз ардаққа, құрметке лайық! – деп ізгі ниетін білдірді.

Марапаттар легі әр саладағы ерен еңбегімен ерекшеленген азаматтарға табыс етілді. Алғашқы болып Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 14 қазандағы № 1044 Жарлығымен «Күміс алқа» алқасымен көпбалалы ана Сәния Тоқабаева мен Марина Барбуха наградталды.

Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Алғыс хатымен Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы, қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Зәмзагүл Оспанова марапатталды.

Сонымен қатар, Қаражал қаласының Құрмет грамотасымен «Жәйрем кен-байыту комбинаты» акционерлік қоғамының күрделі құрылыс жөніндегі менеджері Қуаныш Біләлов марапатталды.

«Үздік дәрігер» номинациясын Қаражал қалалық ауруханасының медбикесі Гүлнар Исатаева иеленді. Гүлнар Сәбитқызы 40 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, өз ісіне адалдықтың жарқын үлгісін көрсеткен кәсіби қызметкер.

«Білім беру саласының үздігі» номинациясы № 10 мектептің ұстазы Перизат Абдреимоваға табысталды. Перизат ханым жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беруде елеулі үлес қосып, өз ісіне адалдық танытқан педагог.

«Мектепке дейінгі білім беру саласының үздігі» номинациясы «Балбөбек» бөбекжайының тәрбиешісі Зәмзагүл Баязитоваға бұйырды. Зәмзагүл апай 40 жыл бойы сан мыңдаған баланың алғашқы білімінің негізін қалыптастырып, шыдамдылық пен мейірімнің үлгісін көрсеткен тәжірибелі тәрбиеші.

«Үздік мемлекеттік қызметкер» номинациясымен Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлмира Жакупова марапатталды. Гүлмира мемлекеттік қызметте 18 жылдық тәжірибесі бар, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қаланың дамуына сүбелі үлес қосқан беделді қызметкер.

«Үздік халық қорғаушысы» номинациясымен Ұлытау облысы полиция департаменті, Қаражал қаласының полиция бөлімі жеке құраммен жұмыс жөніндегі инспекторы, полиция аға лейтенанты Айдос Кеңесов марапатталды. Айдос Ермекұлы елдің тыныштығы мен амандығы үшін аянбай еңбек етіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлгілі қызметкер.

«Мәдениет саласының үздігі» номинациясы Жәйрем кенті мәдени-сауық орталығының қызметкері Жандос Ақтаевқа бұйырды. Жандос мырза мәдениет саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, аймақтың өнер мен мәдени өмірінің дамуына сүбелі үлес қосқан өнер және ұйымдастыру саласының білікті маманы.

Келесі марапат «Үздік кәсіпкер» номинациясын Қаражал қаласының жеке кәсіпкері Жанар Алиева жеңіп алды. Жанар ханым қала тұрғындарын нан өнімімен қамтамасыз ететін наубайхана иесі, кәсіпкерлік ісін табысты дамытып, қаланың экономикасына нақты үлес қосқан табысты кәсіпкер.

«Спорт саласының үздігі» номинациясы самбодан Қазақстан Республикасының спорт шебері Мөлдір Сатжановаға бұйырды. Мөлдір халықаралық турнирлердің жеңімпазы, шәкірттері арқылы спорт саласын дамытып, өз ісіне адалдық танытқан тәжірибелі бапкер.

«Үздік волонтер» номинациясын «Жәйрем кен-байыту комбинаты» акционерлік қоғамының волонтері Дәуіржан Ихсан жеңіп алды. Дәуіржан 7 жыл бойы волонтерлік бағытта белсенді еңбек етіп, қоғамға мейірім мен жақсылық таратып жүрген жанашыр қызметкер.

«Жыл жаңалығы» номинациясымен Қаражал қаласының кәсіпкері Дархан Абсадиров марапатталды. Дархан қалада жедел жеткізу қызметін ұйымдастырып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсеткен, кәсіпкерлік тәжірибесін қоғам игілігіне жұмсаған жаңашыл кәсіпкер.

«Жыл үздігі-2025» – бұл Қаражал қаласында еңбекті дәріптеу, азаматтарды құрметтеу және үлгілі тұлғаларды насихаттау дәстүрін жалғастырған ерекше шара. 2025 жыл – еңбек, жауапкершілік пен табыстың жылы болды. Әр жетістік – қаламыздың гүлденуіне қосылған алтын қадам.

«Жыл үздігі-2025» шарасы Қаражал қаласында еңбекті бағалау, азаматтарды құрметтеу және қоғамдағы үлгілі тұлғаларды дәріптеу дәстүрін жалғастырған маңызды оқиға болды. Бұл кеш әрбір қатысушыға ерекше қуаныш пен мақтаныш сезімін сыйлады.

Әр салада алға жылжу бар, еңбектеріңіз елене берсін, беделдеріңіз биіктей берсін, жерлестер!

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ