Міне, күнтізбелік Жаңа жылға да келіп жеттік. Шығыс күнтізбесі бойынша 2026 жыл – Жылқы жылы. Қазақ үшін жылқы – тек көлік емес, тұтас бір өркениет. Ер қанаты – ат деп білген халқымыз жылқыны еркіндіктің, батылдықтың, берекенің нышаны санаған. Міне, сондай қасиетті жануар атымен аталатын Жылқы жылы да жаңару мен қозғалысқа толы болмақ.
Жылқы және қазақ болмысы
Қазақ халқы өзін ежелден «жылқы мінездіміз» деп сипаттайды. Бұл жай теңеу емес, тұтас дүниетанымның көрінісі. Жылқы – адалдықтың, бауырмалдықтың, еркіндіктің символы. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» деген мақал да халықтың өмір философиясын аңғартады.
Көшпелі өркениеттің өзегі болған жылқысыз қазақтың тұрмысы, жауынгерлік рухы, салт-дәстүрі мен дүниетанымын елестету мүмкін емес. Батырлар жыры тұлпарсыз толық болмайды, ал «ат жалын тартып міну» – азаматтықтың белгісі. Тәуелсіз елдің Елтаңбасындағы пырақ бейнесі де осы рухани сабақтастықты айғақтайды.
Қозғалыс пен қайраттың кезеңі
Этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Бабақұмар Хинаят жылқы жылын халық санасында ерекше мәнге ие кезең ретінде сипаттайды. Ұлы Абай еңбектерінде де бұл жылға қатысты пайымдар кездеседі. Қазақ арасында тараған «жылан жылы жылыс, жылқы жылы ұрыс» деген тәмсіл – жылқы жылының белсенді, қозғалысқа толы болатынын меңзейді.
Тарихи деректерге қарасақ, 1221 жылғы Шыңғыс хан жорықтары мен Отырар қасіреті де осы жылмен тұспа-тұс келген. Бұл – ата-бабамыздың жыл санауға терең мән бергенін көрсетеді.
Еркіндік, ырыс және елдік сананың белгісі
Жылқы жылы тек қақтығыс емес, береке мен молшылықтың, серпіліс пен еркін ойдың уақыты саналған. «Жылқы – көшпелі мәдениеттің жүрегі. Ол – азат рухтың, уақыт философиясының көрінісі», – дейді Бабақұмар Хинаят.
Сондықтан, ата-бабаларымыз алыс сапарды, үлкен көшті, маңызды бастамаларды көбіне жылқы жылына жоспарлаған. Дегенмен, бұл жылы дау-дамайға бейім болатынын ескеріп, сабыр мен парасатты алға қойған.
Серпін мен батылдықтың бастауы
2026 жыл – Қызыл Отты Жылқы жылы. Бұл кезең қуанышқа, батыл шешімдерге, ашық әрекетке шақырады. Шығыс танымында жылқы – қозғалыс пен еркіндіктің нышаны болса, от стихиясы оған жігер, құштарлық пен тәуекелшіл мінез қосады.
Мұндай жылды қалай қарсы алған жөн? Бұл жыл киім таңдауда батылдықты қолдайды. Қызыл мен алтын реңктер, қоңыр, қою жасыл, кілегей түстер – сәтті таңдау. Табиғи маталар мен былғары элементтер жыл символының болмысына сай. Ал тым суық түстерден, тар әрі синтетикалық киімдерден бас тартқан жөн. Жылқы – еркіндік пен жайлылықты сүйетін белгі.
Берекелі дастарқан – молшылықтың көрінісі
Жылқы жылындағы мерекелік үстел бай әрі әртүрлі болуы тиіс. Көкөніс пен жеміс, жаңғақ пен көк шөптер, жеңіл тағамдар молынан қойылғаны абзал. Ет тағамы ұсынылса, жылқы етін пайдаланбау – қалыптасқан сенім.
Десерт ретінде үй тәттілері, алма мен шие қосылған бәліштер жарасады. Сусын таңдауда да отты сипатқа мән берген жөн: глинтвейн, пунш, жидек морстары мен дәмдеуіш қосылған ыстық сусындар құпталады.
Неден аулақ болған жөн?
Бұл жыл жалқаулықты, енжарлықты жақтырмайды. Ұрыскеріс пен агрессиядан аулақ болып, жаңа мүмкіндіктерге ашық болу маңызды. Жылқы жылы – қимыл мен үміттің, батыл арманның кезеңі.
Оны жарқын көңілмен қарсы алған жанға Қызыл Отты Жылқы қолдау білдіреді деп сенеді. Жаңа жыл құтты болсын! Батыл армандаңыз, өйткені, бұл жыл ең тәуекелді жоспарларға да серпін бермек.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
