«Жоспарланғанның бәрі жүзеге асуы керек»

Қала әкімі Айқын Елеусізов өзінің жұмыс сапары барысында болған кездесулерде осылай деп мәлімдеді. Орайы келгенде айта кетейік, шаһар басшысы қызметке кіріскен күннен бастап қаламен қоңсылас жатқан елді мекендер мен ондағы маңызды нысандарды және өңірдегі өндіріс орындарын аралап, жұмыс барысымен танысып келеді.

Шахтаға түсті
Өткен аптада қала әкімі Ай­қын Елеусізов өңіріміздегі кә­сіпорындарының жұмыстары­мен танысуды жалғастырды. Шаһар басшысы бұл жолы «Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Өркен-Атасу» өкілдігіне барды.

Кәсіпорын 1968 жылдан бастап темір кенін өндірумен және өңдеумен айналысады. Ал, 2003 жылдың 6 қаңтарынан бастап «Өркен-Атасу» өкілдігі «Өркен» ЖШС темір кені департаментінің құрамына кірді. Негізгі қызметі «Батыс Қаражал» кен орнының темір кенін өндіру, өңдеу және байыту. Дайын өнімді, яғни, темір кені концентратын негізгі тұтынушы – «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына жеткізу болып табылады.
Қала тұрғындарының басым бөлігі осы кәсіпорынның арқасында нәпақа тауып отыр. Кәсіпорын қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына да зор үлесін қосып келеді. Өңірде жүргізілетін коммуналдық шаруашылыққа қатысты жұмыстар мен көше, аулаларды абаттандыруда, санитарлық тазалық жұмыстарына аталмыш өндіріс орнының тигізіп отырған септігі де аз емес.
Жұмыс сапары барысында Айқын Елеусізов «Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Өркен-Атасу» өкілдігінің директоры Маратбек Бакеновпен жолығып, өндірістің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы мен қала құрушы кәсіпорын ретіндегі көмегі, алдағы жоспарлар жайлы әңгімелесті. Әрине, кеншілердің де тыныс-тіршілігі назардан тыс қалған жоқ. Әкім өндіріс басшысымен бірге шахтаға түсіп, кеншілердің жұмысымен жақын танысты.

Жер мәселесі талқыланды
Қаражал-Жәйрем өңірінде жерге қатысты даулы мәселенің шешімін таппай келе жатқанына біраз жыл болды. Бұл мәселе облыс әкімінің өңір тұрғындарымен болған кездесулерінде, облыс әкімінің қабылдауларынада жиі айтылып та келеді. Алайда, нәтиже шамалы.

Бұл мәселе қаланың жаңа әкімінің де назарын аударып отыр. Осы мақсатта Айқын Елеусізов Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаевпен кездесті. Кездесу барысында екі өңірдің жер учаскелерінің шекаралары мәселелері талқыланды.
Келелі кездесудің нәтижесінде іргелес жатқан елді мекендер тұрғындарының қарауына кент тұрғындары еңбек ететін «Жәйрем Марганец» АҚ Қаражал кен орнының Қаражал қаласы жерлерінің құрамына енгізу туралы ұсыныс жасалатын болды. Сонымен қатар, Қаражал қаласын су қоймасымен байланыстыратын автожол «Қылыш» су қоймасының жерлері және Ащылы Су (1 көтерілу) шаруашылығы кешенінің жерлері қалаға ресми түрде өтеді. Сондай-ақ, өңірге радон және емдік балшық көзі бар Шалғы ауылы беріледі.
– Осы өзгерістердің барлығы бюджетке түсетін түсімдердің ұлғаюына ғана емес, туризмді дамытуға да мүмкіндік береді, – дейді қала басшысы.

Жұмысты ширатуды тапсырды
Күздің екінші айы басталды. Ауа райы әзірге шаруаға жайлы болып тұр. Осы кезеңді тиімді пайдаланып, жұмысты ширатып алмаса ертең қиынға түседі. Шаһар басшысы Айқын Елеусізов қаладағы құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен танысуда сала мамандары мен мердігерлерге осыны тәптіштеп айтты.

Қазір Қаражал-Жәйрем өңірінде қысқа әзірлік жұмыстары қызу қарқынмен жүріп жатыр. Рас, мерзімінен кешігу бар. Бірақ, шаруа тынымсыз. Мұның бәрі қала басшысының назарында. Әкім өзінің кезекті жұмыс сапары барысында осы бағыттағы жұмыстарды да аралап көрді. Бірінші кезекте кәріз желілерін қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеге барды. Бүгінгі таңда «АГС-Пласт» ЖШС мердігерлік ұйымы Гаценбиллер көшесі бойында кәріз құбырларын төсеп жатыр. Жұмыстың барысымен танысқан қала әкімі жауапты тұлғаларға жұмыс қарқынын жеделдетуді, ал тұрғындарға қатысты жұмыстарды келісіп жүргізуді тапсырды.
Қалада жүргізіліп жатқан үлкен құрылыстың бірі – «Шахтер» стадионы. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары жалғасуда, бірақ жағдайды күнделікті бақылауда ұстау қажет. Сала мамандарына қала әкімі осыны қадап айтты.
Сондай-ақ, А.Елеусізов жабық жүзу бассейнінің құрылысымен танысып, жұмысының барысын бағамдады. Бақылау барысында мәлім болған барлық ескертулер мердігер ұйым өкілдеріне айтылды және оларды дереу жою тапсырылды.

Шалғы кентінде болды
Қаражал қаласымен іргелес жатқан елді мекендердің бірі – Шалғы кенті. Ел «Шалғия» деп атаған өңір өзіндік тарихымен ерекшеленеді. Кезінде Қазақс­тандағы шипалы жерлердің бірі болғанын да бүгінгі жұрт жырдай етіп айтып жүреді.

Шалғы кенті Қаражал қаласынан 95 шақырым жерде орналасқан, бай тарихы бар мекен. Ежелгі уақытта бұл жерлер өсімдіктер мен жануарлар әлеміне бай болған. Мамонттар заманынан бастап Шалғы даласында ақбөкен өмір сүреді.
Мұнда тас дәуірінің адамдары өмір сүрген деседі ғалымдар. Оған Мұңлы тауындағы үңгірлерден табылған жартастағы суреттері де айқын айғақ. Шалғы кенті бағалы және жартылай бағалы минералдардың кен орындарымен де бай өлке. Кезінде бұл жерден изумрудтар мен ілеспе минералдар алынған. 1935 жылы уран кенін өндіру үшін топографиялық-геологиялық жұмыстар басталды. Бұл жерде шипалы радон сулары мен бұлақ бар. Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары Шалғы кентінің аумағы ғарыштық түсіру аппараттарын қондыру үшін пайдаланылды.
Міне, осындай бай тарихы бар өлке кешегі тоқырау жылдарында әбден тұралап қалған еді. Қазір өңірді аяғынан тұрғызу мақсатында түрлі жобалар қолға алынуда. Бұл мәселелер де Айқын Елеусізовтің басты назарында. Жуырда әкім Шалғы кентіне барып, оның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қарастырды. Кенттің болашағын талқылау үшін «ULY DALA Co» ЖШС және «Ulytau Gold Processing» ЖШС басшылары шақырылды. Кеңес барысында кент тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін жобалар қаралды. Қала әкімі жаңа жобалар мен ұсыныстарға ашық екенін айтты.

Келелі кеңес өткізді
Кез келген қордаланып, түйіні шиеленіскен мәселелерді бір адамның күшімен тарқату әсте мүмкін емес. Ол үшін ел болып кеңесіп, келісіп шаруа жасау қажет. «Өлшеп пішкен тон – келте болмас» дейді дана қазақ.

Осы қағиданы ұстанған қала әкімі Айқын Елеусізов қалалық мәслихат депутаттарын, қалалық Қоғамдық кеңес мүшелерін және Жәйрем кентінің жергілікті қауымдастық өкілдерін жинап, алқалы жиын өткізді. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік дамуы бойынша ағымдағы мәселелер талқыланып, болашаққа жоспарлар белгіленді. Депутаттық корпус пен Қоғамдық кеңес мүшелері кенттің жергілікті қауымдастық мүшелерімен бірлесіп тұрғындарды сумен жабдықтауды автоматтандыру, қала мен кент жерлерінің шекаралары, өңірдегі құрылыс, сумен жабдықтау мәселесін шешу, кәріз желілерін жаңғырту және басқа да маңызды мәселелерді көтерді.
Барлық көтерілген мәселелер бойынша қала әкімі толық жауаптар берді. Білім берудің кейбір өзекті мәселелері бойынша облыстық басқармалар арқылы шешілетінін айтты. Кездесу өзара сенім мен диалог негізінде өтті. Болашақта мұндай келелі кездесулер тұрақты негізде өткізілетін болады.

Кәсіпкерлік – өңір тынысы
Кез келген елдің экономикасын шағын және орта бизнес қалыптастырады. Бұл әсіресе, дамыған мемлекеттерге тән үрдіс. Әрине, даму жолына түскен аймақтар да аяғынан нық тұрып кету үшін осы салаға көбірек арқа сүйейді.

Біздің елімізде де кәсіпкерліктің қай түрін дамытуға болмасын үлкен мән берілуде. Оған ынталы жандарды да көптеп тартып, жұмыстарын дұрыс жолға қоюда жағдай жасап келеді. Әсіресе, соңғы кездері кәсіпкерлікті өрістететін түрлі жобалар қолға алынып, ол өзінің оң нәтижесін беруде.
Қаражал қаласында да осы салаға ерекше жағдайлар жасалынып жатыр. Соның арқасында өңірімізде кәсіпкерлікпен айналысатын жандардың қатары жылдан жылға артып келеді. Бүгінде өңірде өндіріске байланысты құрылған шағын және орта бизнес нысандарын айтпағанда халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандары да көптеп ашылып, тәп-тәуір жұмыс жасап жатыр. Қала әкімі Айқын Елеусізов қаладағы сондай бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралап, олардың жұмысымен, ұсынылатын өнімдердің ассортиментімен және бағасымен танысты.
Шаһар басшысы алдымен Тәуелсіздік көшесінде орналасқан жаңа мейрамханаға атбасын бұрды. Мейрамхана иесі – кәсіпкер Ерболат Халықов. Бүгінгі таңда кәсіпкер өз шаруашылығын кеңейтуге негіз қалауда. Қосымша құрылыс жұмыстары да жүріп жатыр. Айқын Елеусізов мұндай шағын және орта бизнес субъектілерінің санының артуы халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешуге оң әсер ететінін атап өтті.
Бұдан соң әкім жақында қаражалдықтар үшін есігін ашқан «Алтын орда» мейрамханасында болды. Қазір мейрамхана иелері астыңғы қабаттағы қонақ үйдің құрылысын жалғастыруда.
Сондай-ақ, қала әкімі «Керуен» кафесінің жұмысымен де танысты. Кәсіпкерлер кафені кеңейтіп, қонақ үй салуды жоспарлап отыр.
Жұмыс сапары барысында Айқын Елеусізов «Бизнес орталығы», «Арман» дүкені, «30 дүкен», «Аян-Арай» кондитерлік дүкені және «Наурыз» сауда-ойын-сауық кешені секілді бірнеше сауда нысандарын аралады.
Қала әкімі жауапты тұлғаларға кәсіпкерлерге шағын және орта бизнесті дамытуда қолдау көрсету бойынша нақтылы тапсырмалар беріп, бұл шаралардың өңірдің ғана емес, жалпы елдің экономикасының дамуындағы маңыздылығын атап өтті.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ