ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы оның бұған дейінгі Жолдауларынан бастау алған реформаларды одан әрі дамытуға арналды.
Мемлекет басшысы Жолдауында қоғамның әртүрлі саласында орын алған өзекті мәселелерге тоқтала отырып, оларды шешу жолдарын ұсынып, үкімет алдына нақты тапсырмалар қойды. Соның бірі — экологиялық ахуалды жақсарту бағыты. «Экологиялық ахуалды жақсарту алдымызда тұрған негізгі міндеттердің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек. Халықты экологиялық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтау қажет» – деп атап өтті Мемлекет басшысы Жолдауында. Өнеркәсіптің дамуы елдегі экологиялық ахуалға теріс әсер етіп жатқаны белгілі. Қазақстан әлемдік экологиялық рейтингте 70-інші орынға түсті. Бізде ауаның ластануы, өзен-көлдердің тартылып қалуы сынды проблемалар өте көп. Мұның бәрі климаттық өзгерістерге әкеліп соқтырды. Шотландиядағы Глазго қаласында өткен саммитте аталған мәселені шешудің жолдары қарастырылған болатын. Қазақстан да өз алдына бірқатар міндет алып, оны уақытылы орындауға уәде еткен.
2030 жылға дейін Қазақстан ауаны ластау деңгейін 15 процентке азайтуы керек. Ол үшін ұлттық Заңнамаға бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Қазақстан баламалы энергия көздерін пайдалану көрсеткішін 15 пайызға дейін арттырмақшы. Экологиялық таза энергия көлемі 38 пайызға дейін жеткізілуі тиіс. Сондай-ақ, көмір жағуды 30 пайызға қысқартуға міндетті.
Елдегі 45 өнеркәсіптік шаһардың 10-ында ауаны ластау деңгейі жоғары. Бұл тізімге Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Теміртау, Шымкент, Өскемен, Балқаш, Жезқазған қалалары кірді. Осында орналасқан 16 кәсіпорынның газ шығарындыларын 33 пайызға төмендету қажет. Бұл жұмыс «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының аясында жүргізіледі, оған 565 млрд теңге инвестиция жұмсалады, сондай-ақ, жеке секторды, шаруашылық субъектілерін газдандыру немесе баламалы энергия көздеріне ауыстыру жоспары да бар. Құрылыс қоқыстары да ауаның ластануының басты себептерінің бірі. Еліміздің үш қаласында ғана оны жинайтын орын жасақталған. Жағдайды реттеу үшін бұл қалдықтарды полигондарға үйіп төгуге қатаң тыйым салынды. Оны бақылау үшін қоқыс жинайтын компаниялар өзінің көліктеріне GPS орнатуға міндетті, заңды бұзғандарға қомақты айыппұл төлеуге тура келеді.
Елде түрлі су қоймалардың құрғап кетуі де халықты алаңдатуда. Мәселен, енді Арал теңізін сақтап қалуы үшін бұл аймақта аэросебу әдісімен сексеуіл отырғызылмақшы. Тың тәсілдің көмегімен ағаштарды отырғызу жөнінде Өзбекстанмен өзара келісім жасалып, арнайы Жол картасы да құрылған. Ол үшін 100 мың гектар жер әзірленді. Жалпы бұған дейін өңірде 337 мың гектар жерге сексеуіл отырғызылған еді. 2025 жылға дейін сексеуіл отырғызылатын аумақты 1 млн гектардан асыру жоспарланған. Нәтижесінде, құм көші мен улы аэрозольдің таралуы тоқтатылады.
Экологиялық мәселелердің өзектілігі күннен күнге артып барады. Өкінішке қарай, негізгі проблемаларды туындатушы – адам. Кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жүр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен айтқанда, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет.
«Елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл тұтас халықты ұйыстыратын берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасының арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді — мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруі тиіс…» (Жолдау-2024). «Таза Қазақстан» акциясына Қаражал қаласының жұртшылығы да белсенді қатысып, қаламыздың тазалығына үлесін қосуда. Алайда, қазіргі қыс мезгілінде алаңдататын мәселе ол – пештердің мұржасынан шыққан түтіннің ауаны ластап, адамдардың тыныс жолдарын тарылтып, жағымсыз әсер ететіндігі. Себебі, үй иелері жылыту мақсатында орнатқан «тәулік немесе апталық пештердің» мұржалары аласа болғандықтан, олардан таралатын түтін төменде тұнып тұрып алады да, қолайсыздық туғызады. Сондықтан, тиісті органдар бұл мәселеге бет бұрып, бірыңғай талаптарды қарастырып, алдағы уақытта тақырып шешімін табады деген сенімдемін. «Бизнес өкілдері табиғатты қорғау ісіне зор жауапкершілікпен қарауы керек, Үкімет пен Атамекен палатасы осы бағытта нақты шаралар қабылдауға тиіс. Бұл салаға озық технологияларды кеңінен енгізу жұмысын жалғастыру қажет. Табиғатты ластайтын қалдықтарға мониторинг жасайтын озық жүйе ойдағыдай жұмыс істеуге тиіс» (Жолдау-2024).
Келесі бір мәселе, Қаражал қаласының маңындағы баритті өндіру кен орыны жайында. Осы кен орыны ашылғалы Қаражал халқының денсаулығының деңгейі айтарлықтай төмендеді десе де болады. Әсіресе, Вокзал мен Ескі Қаражал жұртшылығы оның қолайсыз әсерін салмақты сезінуде. Түрлі аллергия аурулары, өкпе-бронхы: астма, жөтел, пневмония т.б. сырқат түрлерімен ауыратындар саны көбеюде, сондықтан, баритті өндіру салдарынан ауаны ластайтын шаң-тозаңды оқшаулау мақсатында, барит басшыларына арнайы көлемді қондырғылар орнату міндетін жүктеу қажет.
Биылғы жылғы қараша айының аяғында Ұлытау облысына ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев келіп, онымен кездесуде болған қатысушылар өңірдегі экология мәселесін көтерген болатын. Министр Жезқазған мыс қорыту зауытында болып, ауаға таралатын залалды қышқылдың көлемін азайтуға ықпал етуді жоспарлады. Ендігі кезекте ботаникалық бақтың жайын бақылады, аумағы 70 гектарға жуық орынды тиімді пайдалану, жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру жолдары талқыланды. Мақсаты — облыс орталығын көгалдандыру жобасын қолға алу. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі қоқыс полигондарының жұмысын реттеу, өндіріс орындарындағы зиянды қалдықтардың ауаға таралуымен күресу, контейнерлер мен техникалар санын көбейту және Жезқазғанда жасыл белдеу қалыптастыру қажеттігін атап өтті. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ұлытау облысының әкімдігі арасында өңірдегі экологиялық ахуалды қалыпқа келтіру үшін Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Сол Жол картасына Қаражал қаласы маңындағы баритті өндіру кен орнынан таралатын залалды шаң-тозаңның көлемін азайтуға ықпал ету жоспары қарастырылды ма екен, ал қарастырылмаса қосымша ретінде енгізу қажет деп есептеймін.
Мереке ЖҰМАНБАЕВА,
Қаражал қалалық
Ардагерлер кеңесінің төрағасы.