Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының өзегінде кәсіпкерді қолдаудың қандай түрі бар екенін әр кәсіпкер біліп отыру керектігі айтылды.
Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болатындығын және осы мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар екендігін атап көрсетті. Мұның бәрі түптеп келгенде, кәсіпкердің тыныс-тіршілігін мейлінше жеңілдетуге септігін тигізері сөзсіз. Сондай-ақ, Жолдауда кәсіпкерлерден мемлекеттік органдардың шектен тыс қадағалап, бақылайтыны туралы шағымдардың жиі түсетіні де айтылды. Бұл жөнінде Президент Үкімет пен Бас прокуратураға инвестициялық ахуалға әсерін тигізетін жағымсыз үрдістерді жоюды тапсырды. Ал, кәсіпкерлерге өз жұмысын адал жүргізіп, заңды сақтап, салық төлеуден жалтармауды баса айтты.
Ең бастысы, Президент инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеудің маңызы зор екендігін жеткізді.
Қорыта келгенде, Мемлекет басшысының халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы халық сеніміне үлкен серпін берді. Мақсат – айқын, оған жету жоспары – жүйелі. Ал, жүйелі Жолдау – нақты нәтижелердің іргетасы.
Аманбек СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Атамекен» ҰКП Ұлытау аудандық филиалының директоры.