Жолдау — 2024: аймақтың дамуы – мемлекеттің өркендеуі

2024 жылғы екінші қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Парламенттің кезекті сессиясының ашылуына тұспа-тұс келген бұл Жолдауды билік басындағылар, халық қалаулылары, сала мамандары, қарапайым жұртшылық мұқият тыңдады. Себебі, ел дамуына кедергі болып отырған мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары қарастырылатын, үкіметтегілерге тиісті тапсырмалар беріліп, нақты міндеттер қойылатын Жолдаудан әр сала өкілі өзіне қатысты мәселені күтеді.

Биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталған Жолдауда маңызды мәселелер 9 бағытқа бөлініп қарастырылды.
Оның біріншісі – ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажеттілігі. Бұл жерде басты назар аударатын нәрсе – шағын және орта бизнесті несиелендіруді жетілдіру, банктерді ел экономикасына қаржы құюға тарту және банк акционерлерінің девидендтеріне салықты ұлғайту, бюджетті аса маңызды емес шараларға шашуды доғару, экономикалық, аймақтық дамуға бюджеттен бөлек инвесторлар тарту мәселелері. Аталған мәселелердің қай-қайсысы болмасын, еліміз үшін де, өңіріміз үшін де өзекті дер едім. Өйткені, бұның бәрі түптеп келгенде, экономиканы нығайтуға, халықтың әл-ахуалын көтеруге бағытталады. Қаражал қалалық мәслихат депутаттары қала бюджетінің орынсыз жұмсалмауын, аймақтың дамуын әрқашан жіті бақылауда ұстайды. Аймақта инфрақұрылымды дамыту саласында облыстық әкімдік пен “Жәйрем кен байыту комбинаты” АҚ арасындағы өзара ынтымақтастық меморандум барысында бірталай жұмыстар атқарылып жатыр. Ол туралы Қаражал-Жәйрем өңірінің әр тұрғыны жақсы біледі. Кентімізде салынған мешіт, әлеуметтік дүкен, бірнеше көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары мен жертөлелерін күрделі жөндеу жұмыстары, спорт кешені мен мәдениет үйін жөндеу жұмыстары аталмыш меморандум аясында іске асырылса, кенттік аурухана, білім мекемелерін комбинат үнемі қолдап отырады. Соның нәтижесінде кентіміз гүлденіп, тұрғындардың өмір сүру деңгейі жақсарып келеді. Дегенмен, бұл бағытта атқарылатын жұмыс мұнымен тоқталмайды деп сенеміз.
Жолдауда қозғалған екінші бағытқа мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестік, орта кәсіп үлесін арттыру, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау механизмін оңтайландыру, жер телімін қайтару комиссиясының жұмысын жетілдіру, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруды жалғастыру мәселелері жатады. Өңірде мемлекет пен кәсіпорын әріптестігі арқылы жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы жоғарыда айтып кеттік.
«Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында Ұлытау облысында шілде айындағы жағдай бойынша 342 ауыл кәсіпкеріне 2,7 млрд теңге несие берілді. Бұл ауыл тұрғындарының өз өнімдерін өндіруге, оны сату ісін жолға қоюға үлкен мүмкіндік және ол мүмкіндікті Қаражал-Жәйрем аймағының шағын кәсіпкерлері қолдануы қажет. Алайда, кәсібіне несие аламын деп деректерді бұрмалауға жол берілмейді. Бұл туралы да Президентіміз Жолдауда айтып өтті. Сондықтан, адал еңбекке сүйеніп, адал қызмет ету маңызды.
Инфрақұрылым мәселесі де Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында назардан тыс қалмаған. Энергетика мен коммуналдық қызмет саласын дамытуға назар аудару керектігін айтқан Президент энергия тапшылығын болдырмау үшін Атом электр станциясын салу оңтайлы шешім болатынын алға тартты. Қазіргі таңда тұтас әлемде энергия тапшылығы сезіледі. Дамыған 30 елде 200 шақты атом электр станциясы жұмыс істеуде. АЭС-тің аса қажеттілігін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл істе де халық пікірі назарға алынуы үшін 6 қазанда жалпыұлттық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Ендеше, еліміздегі энергетиканың тапшылығын жою ел азаматтарының қолында. Біздің Қаражал-Жәйрем өңірінің тұрғындары да референдумға бір адамдай қатысып, ел болашағы үшін дауыс береді деп сенемін.
Елімізде көптеген салалар бойынша кадрдың, оның ішінде жұмысшы мамандықтар бойынша мамандардың жетіспейтіні белгілі. Бұл мәселені де қозғаған Президентіміз мемлекеттің кадрлық әлеуетін арттыруға нақты тапсырма берді. Осы орайда 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау ұсынысы көпшіліктің көңілінен шыққаны сөзсіз. Қазіргі таңда қара күш пен ауыр еңбекті талап ететін жұмысшы мамандықтарын жастардың таңдау көрсеткіші төмен. Сондықтан да мемлекет тарапынан жұмысшы мамандық иелеріне көрсетілетін қолдау бұл мәселенің шешімін табуға көмектеседі.
«Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан, инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады». Осылай деген Мемлекет басшысы «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидатын ұсынды.
Ұлттың кадрлық әлеуетін қалыптастыратын бірден бір институт – білім беру мекемелері. Олардың саны мен сапасы да үкіметтің жіті бақылауында. Аймақта балаларды мектепке дейінгі білім-тәрбиемен қамтуға да ерекше назар аударылып келеді. Бұған дейін Жәйрем кентінде балабақшадағы орын санының жетіспеушілігі байқалған еді. Қазіргі таңда кентімізде жаңа жекеменшік балабақша іске қосылып, бұл мәселе де шешімін тапты.
Президент Жолдауында қозғалған ұлттың саулығын көтеру бағытындағы білікті медицина мамандарымен қамту, бұқаралық спорт мәселелері де өңірімізде біршама оң шешімін тапқан. Жәйрем кенті ауруханасында білікті дәрігер мамандар арнайы шақыртумен жұмыс жасауда. Оларға қызметтік үй-жай, үстемеақы төлеу арқылы тұтас кенттегі медициналық қызметтің қолжетімді болуына жол беріліп отыр.
Кентімізде бұқаралық спортпен айналысатын орын бар. Онда балалар мен ересектер түрлі спорттық үйірмелерге қатысады. Сол арқылы өздерінің денсаулықтарын нығайтуда.
Ұлт денсаулығы мемлекеттегі экологиялық ахуалға да тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің өз Жолдауында еліміздің экологиясы мәселесін көтеруі орынды. Аймақты көгалдандыру, «Таза Қазақстан» акциясы – экологияны қолдау шаралары. Жәйрем кенті тұрғындары да аталған шаралардан қалыс қалып жатқан жоқ. Биыл көктемде өзім сайланған 2-учаскелік аймақ азаматтарымен кентімізде ондаған жыл бойы қоқыс орнына айналған бұзылған үйдің айналасын тазарту жұмыстарын ерекше айтып кеткім келеді. Бұл жұмыста учаскелік аймақ тұрғындарының ауызбіршіліктері, азаматтық ұстанымдары қуантты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, кенттің тазалығы жолында еңбектенуге дайын азаматтар барда аймақты көгалдандыру, табиғатты қорғау мәселесі қашанда күн тәртібінде болатынына күмән жоқ. Оның үстінде Президентіміз де «Таза Қазақстан» акциясының аймақтарда қалай ұйымдастырылуы тікелей әкімдердің жауапкершілігінде екенін баса айтты.
Қасым-ЖомартТоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында соңғы жылда билік пен халық арасындағы қарым-қатынас мәдениеті біршама өзгерді. Аудан, ауыл әкімдерін тікелей сайлау ісі қолға алынды. Оның нәтижесі – кент әкімін халықтың өзі сайлауы. Халық сайлаған әкімнің жауапкершілігі жоғары болады. Ол – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бұл да – еліміздегі биліктің демократиялық жолмен құрылатынының бір көрінісі.
Мемлекетте әділетті қоғам құрудың ендігі бір бағыты – заң мен тәртіп идеологиясын қалыптастыру. Қазіргі таңда елімізде қаржы мәселесіне қатысты алаяқтық өршіп тұр. Телефон арқылы жұртты алдау жолымен қаржысын иемденіп жатқандар көп. Олардан зардап шекпеу үшін жұртшылықтың қаржылық, цифрлық сауаттылығы жоғары болуы керек.
Мемлекеттің басты байлығы – азаматтары болса, сол азаматтардың қауіпсіздігі биліктің бірінші кезектегі міндеті болуы шарт. Бұл ретте «Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру» деген Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету талабы туралы ескертті. Дегенмен, бұл жолда азаматтардың өздері де жауапты екенін ұмытпағаны абзал.
Президент Жолдауы – дамудың бағытын бақылайтын, осы жолда нақты міндеттер мен тапсырмаларды айқындайтын, еліміздің экономикалық, әлеуметтік, кадрлық, экологиялық өркендеуіне кепілдік беретін құжат. Ендеше, алдағы бағыт айқын, мәселе анық, шешім ұсынылды, талап қойылды. Тек сол талап пен тапсырманы мүлтіксіз орындау – жергілікті билік өкілдерінің міндеті. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл жолда «Үкімет мүшелері, әкімдер, депутаттар және барша қоғам өкілдері әрдайым отаншылдық идеясына адал болуға тиіс. Әр іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалуы керек». Сонда ғана әділетті Қазақстанды құру жолындағы еңбегіміз адал дей аламыз.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық
мәслихат депутаты.