Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков төрағалық еткен кезекті аппарат жиынында өңір үшін аса маңызды екі бағыт – жол инфрақұрылымын дамыту және туризм саласын жандандыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Кеңес барысында автомобиль жолдары құрылысының биылғы жоспары, жолдарды күтіп ұстау жұмыстарының барысы, сондай-ақ, туристік әлеуетті арттыру тетіктері сараланды.
Жиында өңір басшысы жол инфрақұрылымының сапасы халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондықтан, жоспарланған жұмыстарды жедел әрі сапалы орындау – негізгі талап. Осыған байланысты Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, мердігер ұйымдармен тікелей жұмыс жүргізу тапсырылды. Әсіресе, жол жөндеу жұмыстарының мерзімінде аяқталуы мен сапасына қатаң бақылау жасау қажеттігі ескертілді.
Жол қауіпсіздігі мәселесі де назардан тыс қалмады. Облыс әкімі жол белгілерін жаңарту, жол таңбаларын қайта сызу, қауіпті учаскелерге жарықтандыру орнату жұмыстарын жүйелі жүргізуді міндеттеді. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алып, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Көктемгі кезеңде су тасқыны қаупінің алдын алу – күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Осыған орай суағарлар мен көпірлерді қардан уақытылы тазалау, су өткізу жүйелерін ретке келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Жауапты мекемелерге алдын алу шараларын кешенді түрде ұйымдастыру жүктелді.
Аппарат жиынында туризм саласының жай-күйі де кеңінен қаралды. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстар бар екені айтылғанымен, инвестиция тарту қарқынының төмендігі сынға алынды. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді, әлеуеті төмен аймақтарда нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды.
Туризмді дамыту мақсатында бірқатар жаңа жобаларды биылдан қалдырмай іске асыру міндеті қойылды. Атап айтқанда, облыс орталығында және Ұлытау ауданында велосипедтерді жалға беру қызметін іске қосу, заманауи глэмпинг аймақтарын ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл бастамалар өңірге келетін туристер санын арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына 2026 жылға жоспарланған туристік және имидждік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу тапсырылды. Бұл жұмыстар «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылып, салаға инвестор тарту және оларды жүйелі сүйемелдеу мәселесіне басымдық берілмек.
Жиын қорытындысында өңір басшысы барлық тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Жолдардың сапасын жақсарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, туризмді дамыту – Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне серпін беретін негізгі бағыттар ретінде айқындалды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

