Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Алқалы жиында өңір үшін өзекті екі мәселе – автомобиль жолдары саласындағы жұмыстардың барысы және егін жинау науқанының жағдайы қаралды.
Өңір басшысы облыстағы жол белгілерін орнатуда бірқатар кемшіліктер бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың пікіріне құлақ асу – жол инфрақұрылымын жақсартудағы басты қадамдардың бірі. Осыған байланысты қала, аудан әкімдеріне және полиция департаментіне бір ай мерзімде жол белгілері мен таңбаларды қажет ететін учаскелерді анықтау тапсырылды. Әсіресе, үлкен қиылыстарда қажетті белгілердің орнатылуы талап етіледі. Сәтбаев қаласы әкімдігіне тұрғындар пікірі негізінде келесі жылы жөнделетін жолдардың тізімін осы бастан анықтау міндеттелді
Сонымен қатар, облыс әкімі республикалық маңызы бар трассалардың сапалы болуы өңір эконо микасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ең бастысы – адам өмірінің қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін айтты.
Өңір басшысы өз кезегінде Жезқазған–Қызылорда бағыты бойынша мердігерлерге төлемдерді уақытылы жүргізуді, Қарағанды бағыты бойынша ағымдағы жөндеу қарқынын арттыруды, қысқы маусымға қажетті арнайы техникалар санын көбейтуді, жолдардың тайғаққа қарсы инертті материалдар қорын 15 қазанға дейін толық дайындауды тапсырды.
Аппарат жиынында егін жинау науқанының барысы да сөз болды. Әкім шаруаларды жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету, логистика тізбегін дұрыс ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы техникаларының жұмысқа жарамды болуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін айтты. Әсіресе, пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан ауылшаруашылық техникаларын есептен шығару бойынша жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыру тапсырылды.
Жиын соңында өңір басшысы жауапты сала жетекшілеріне атқарылып жатқан шараларды жандандыруды, тапсырмалардың орындалуын нақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ