Жол. Құрылыс. Қысқа әзірлік

Жезқазғанға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Ұлытау облысының орталығы мен тұтас өңірге маңызды деген нысандарды аралап, нақтылы тапсыр­малар берді.

Аптаның басында аймағымыз­ға Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен келіп кетті. Қадірлі мейман өзінің жұмысын өңір тұрғындарының бас ауруына айналған Жезқазған-Қызылорда тас жолының жай-жапсарын білуден бастады.

Айтыла, айтыла жауыр болған жол бүгінгі таңда Үкіметтің тікелей назарында. Жылда «міне жөнделеді» деген уәдеден әріге бармай жатқан жол құрылысына биыл «жан» біте ме деген елдің үміті де бар. Олай дейтініміз, аталмыш жолдың Ұлытау облысына тиесілі бөлігі бойынша тендерлік құжаттама жұмыстары қолға алыныпты ақыры.

Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен сала мамандары жолға қатысты басталған жұмыстардың жай-жапсарын барынша айтып, түсіндірді. Өз кезегінде Роман Скляр шешімін күткен мәселелер мен іске қол байлау болар ықтимал жайттарды да тәптіштеп сұрады.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары аймақтағы «аты шулы» тағы бір жол – Жез­қазған-Арқалық бағытындағы күрежолдың жайымен де танысты.

Бұл жақта қазір «сең» қозғал­ған сыңайлы. Былтырдан бері жолды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Өңір басшысы бұл тұрғыда 2026 жылға дейін Қостанай облысының шекарасына дейінгі жолдарға күрделі жөндеу жүргізілетінін айтты.

Роман Скляр бұдан соң «Үйтас-Айдос» су құбыры құрылысының барысмен танысты. Қазір мұнда «Bi Global» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы құны 16,8 млрд теңгеге қайта жаңғыру жұмыстарын жасауда. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға қолға алынған шаралар 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде.

Жаңа облыстың құрылуымен Жезқазғанда түрлі салада құры­лыс жұмыстары қарқын алуда. Соның бірі – гидроцех. Мұнда да қызу жұмыстар жүріп жатыр. Оның ең басында – «Шаруашылық-ауыз су тазарту ғимараттарын қайта жаңарту» ісі тұр.

Жалпы, еліміздің әр өңіріңде қазір таза су мәселесі өткір тұр. Суды сүзгілеудің ең озық әдістерінің бірі – оны мембраналық тазарту жүйесі болып табылады. Жаңғыртылып жатқан гидроцехтің негізіг міндеті де осы – суды тазарту. Осы мақсатта гидроцехта қойылғалы жатқан жаңа құрылғалар халық тұтынатын ауыз суды сапасы мен тазалығына тікелей қолайлы және заманауи болмақ.

Үкімет басшысының бірінші орын­басары Роман Скляр сапар барысында сонымен қатар Жезқазған жылу электр орталығы мен өзге құрылыс нысандарына барды.