Жол қашан толық жөнделеді?

Ұлытау өңіріндегі маңызды бағыттың тағдырына тұрғындар алаңдаулы

Қаражал қаласы мен Атасу елді мекенін байланыстыратын автожолдың жай-күйі – өңір халқы үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Көптен күткен жолдың қайта жаңғырту жұмыстары 2019 жылы басталғанымен, әлі күнге дейін толық аяқталған жоқ. Бұл жайт тұрғындардың ғана емес, жергілікті биліктің де алаңдаушылығын тудыруда.

Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов бұл мәселені Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Шайдаровқа жолдаған ресми хатында көтерді. Онда жол жөндеу жобасының бірнеше кезеңге бөлініп, жыл сайын қаражат бөлінгені айтылған. Алайда, бөлінген қаржы толық көлемде жеткіліксіз болғандықтан, құрылыс жұмыстары бүгінге дейін соңына дейін жеткізілмеген.

Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан «Қаражал-Атасу» автожолының 0-28 шақырымдық учаскесі Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының аумағы арқылы өтеді. Бұл учаскеде құрылыс 2020 жылы басталған. Жобаны жүзеге асырып жатқан мердігер – «Прогресс KZ» ЖШС. Алғашқыда жобаның құны 6,6 млрд теңге болса, 2023 жылы жүргізілген түзетулерден кейін бұл сома 10,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды. 2020-2024 жылдар аралығында 6,1 млрд теңге игерілді.

– 2025 жылдың 7 ақпанында жол учаскесі мен оған іргелес жатқан 54,7 гектар жер Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің балансына берілді. Бұл шешім – жол құрылысын республикалық деңгейде жалғастыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Дегенмен, қазіргі таңда республикалық бюджеттен қосымша қаражат қарастырылмаған, – дейді Ұлытау облысының автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Жомарт Бегаев.

Басқарма басшысының айтуынша, аталған жол телімінде қазіргі таңда бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, 28 шақырымға жер төсемі мен қиыршық тасты қабаттар, 22 шақы рымға ыстық қара қиыршық тастың жоғарғы қабаты, 21 шақырымға асфальтбетонның төменгі қабаты төселген. Сондай-ақ, «Қылыш» өзені арқылы өтетін көпір құрылысы 80 пайызға орындалған. Уақытша айналма жол да салыныпты. Алда 28 шақырым асфальтбетон жабынының толық төселуі, көпір құрылысын аяқтау, жол белгілері мен қоршаулар орнату, су бұру жүйелерін жасау, жаяу жүргіншілер жолдары мен автобус аялдамаларын салу сияқты жұмыстар кезегін күтіп тұр. Алайда, бұл жұмыстарды толық аяқтау үшін кем дегенде 4,7 млрд теңге қажет. Бұл сома бөлінбейінше құрылыс жұмыстары тоқтап қалу қаупі бар.

Қаражал-Жәйрем өңірі үшін бұл жол – тек қатынас құралы емес, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына жол ашатын басты инфрақұрылым. Жол сапасының төмендігі – тек жайсыздық емес, халық өміріне тікелей қауіп төндіретін фактор. Сондықтан, бұл мәселе тек жергілікті емес, республикалық деңгейде шешілуі қажет.

Қаражал халқы мен Атасуға қатынайтын жүргізушілер жолдың толық жөнделуін көптен күтіп отыр. Ендігі үміт – Парламент депутаттары мен тиісті министрліктердің қолдауында. Ел сенімін ақтау – мемлекет пен қоғам алдындағы ортақ жауапкершілік.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ