Жобалар жүйелі жүргізілуі керек

Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы аппарат жиынында осы мәселеге баса назар аударды. Өңір басшысының төрағалығымен өткен кеңесте өңірде жүргізіліп жатқан жобалар жан-жақты сөз болды. Осы орайда тиісті басқарма басшылары есеп берді. Қадау-қадау тапсырмалар жүктелді.

Жиында Қаражал-Жәйрем өңіріне қатысты да бірқатар жобалар сөз болып, оның жүзеге асырылуы мен қордаланған мәселелер тілге тиек етілді. Енді осы жайында талдап айтып көрелік.
Қазір өңірде елді мекендерді газдандыру мәселесі күн тәртібінде тұрғаны мәлім. Сондықтан да болар, аппарат жиыны да осы жобаның жүзеге асырылу барысынан басталды. Ол жайлы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмаз Жандарбеков талдап айтып берді. Баяндамашының сөзіне қарағанда облысты газдандырудың Өңірлік схемасына сәйкес 2030 жылға дейін 9 елді мекенді, яғни, Жезқазған, Атасу, Жәйрем, Қаражал, Кеңгір, Сәтбаев, Ұлытау, Жезді, Қарсақбай кентін газдандыру жоспарланған. Жезқазған қаласын газдандыру жобасы 3 кезектен және 7 іске қосу кешенінен тұрады. Жалпы ұзындығы 199,8 шақырымды құрайды. 2019-2025 жылдар аралығында құрылысы жүргізіліп, 4562 үйді табиғи газбен қамтамасыз ететін болады.
Ал, Жаңаарқа ауданының Атасу кентін газбен жабдықтаудың тарату желілері бар газ құбыры тармағын және «Атасу» автоматтандырылған газтаратқыш станциясын салудың жобалық сметалық құжаттамасы дайын, ағымдағы жылдың тамыз айында мемлекеттік сараптамадан шығады. Жоба 3 іске асыру кешенінен тұратын болады. 2024-2026 жылдар аралығында салынып, 4500 үйді табиғи газбен қамтамасыз ететін болады. Үстіміздегі жылға 1 млрд теңге қарастырылған. Ол құрылыс монтаждау жұмыстарына жұмсалатын болады.
Кеңгір ауылына газ құбырын салудың жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптама жүргізілуде. Жоба 2024-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылып, 442 үйді және 7 әлеуметтік нысанды табиғи газбен қамтамасыз етпек. Ал, Сәтбаев қаласы газ құбырын салудың жобалық сметалық құжаттамасын дайындауды ағымдағы жылға жоспарлап отыр. Ол жоба 2025-2027 жылдар аралығында салынып, 4100 үйді табиғи газбен қамтамасыз ететін болады.

Енді өз өңірімізге келейік. Алмаз Жандарбековтың айтуынша, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентін газдандыру бойынша жобасы 3 іске асыру кешенінен тұратын болады. Қарағанды облысының әкімдігімен «Ұлытау облысының Жәйрем кенті мен Қаражал қаласындағы газ құбыры-бұру, АГРС – «Жәйрем» және газбен жабдықтау желілерін салу» жобасы әзірленген. Қазіргі таңда аталмыш жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шықты. Бүгінгі таңда Қарағанды облысы әкімдігі тарапынан, Ұлытау облысының әкімдігі тарапына аталмыш жобаны беру жұмыстары жүргізіледі. Жоба Ұлытау облысы әкімдігінің балансына өткен соң жұмысты бастау үшін салалық министрлікке бюджеттік өтінім жіберіледі. Егер бәрі ойдағыдай болса, жоба 2025-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылып, өңіріміздегі 2107 үйді табиғи газбен қамтамасыз ететін болады.
Аппарат жиынында сондай-ақ, облыстық экономика басқармасының басшысы Виктория Ставицкая «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. Күн тәртібіндегі мәселелерге орай қала, аудан әкімдері де жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізіп шықты.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы өңір үшін маңызды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуы керектігін айта келіп, оларға бөлінген қаржының шашау шықпай игерілуін, нақтылы мақсаттарға жұмсалуын қатаң тапсырды.