ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысы Ерлан Мейрамханұлы Ермаханбетов бүгін Ұлытау облысының жастарымен кездесті.
Департамент басшысы биылғы жоғарғы оқу орнын бітірген жас түлектермен мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтар мен оларға енгізілген өзгерістер нәтижесінде мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу жүйесін айрықша атап өтті.
Ұлытау облысының жергілікті атқарушы органдарында бүгінде 754 мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Оның ішінде жастардың үлесі – 128 немесе 17% құрайды.
Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты – ол жастарды білім, тәрбиеге баулып, мәдени-рухани дамуына, кәсіби біліктілігін арттыруына ықпал ету, нәтижесінде олардың әлеуетін мемлекетіміздің қарқынды дамуына бағыттау.
Бұл ретте, жастардың мемлекеттік қызметке келуін оңтайландыру мақсатында 2022 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға бірқатар өзгерістер енгізіліп, соның негізінде жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен оқып, жақсы бағамен
аяқтаған (GPA 3.33 төмен емес) түлектер бір жыл ішінде қала және аудан, ауылдағы төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігін алды.
Кездесуге қатысушы жастардың арасынан биылғы жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен жақсы бағамен аяқтағандарға (GPA 3.33 төмен емес), Ұлытау облысының Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Ұлытау және Жаңаарқа аудандарының әкімдіктеріне, мәслихаттарына яғни мемлекеттік әкімшілік қызметке конкурссыз орналаса алатындықтары айтылды.
Бұдан бөлек, Е.Мейрамханұлы Ұлытау облысының жергілікті атқарушы органдарында мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі іске қосылғанын және оның бұрынғы іріктеу жүйесінен өзгешіліктері мен артықшылықтарына тоқталып өтті.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агеттігінің
Ұлытау облысы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Г.Тусупова
