Жезқазғандық тұрғын телефон алаяқтарының құрбаны болды

Жезқазған қаласының 42 жастағы тұрғыны телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың құрбанына айналды. Белгісіз біреу өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, оның атына күмәнді несие рәсімделіп жатқанын хабарлаған. Қауіптенген азамат алаяқтың нұсқауы бойынша өзінің жеке деректерін – ЖСН, банк картасының нөмірі мен CVV кодын айтып берген. Нәтижесінде оның есепшотынан бірнеше жүз мың теңге ұрланған.

Қазіргі таңда бұл факті бойынша құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Жергілікті полиция бөлімі азаматтарды мұндай алаяқтарға алданбауға шақырып, банктердің ешқашан телефон арқылы құпия деректерді сұрамайтынын ескертуде.

Жалпы, елімізде алаяқтық қылмыстарының саны 45 156-ға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,8%-ға артқан. Оның ішінде интернет алаяқтық 5%-ға өсіп, 22 870 жағдай тіркелген. Бұл қылмыстардың басым бөлігі телефон арқылы жасалатын алаяқтықпен басталып, кейіннен зардап шеккендерге несие рәсімдеумен аяқталады.

Бас прокуратураның үйлестіруімен банктер мен телекоммуникация операторларына қатысты 30 қылмыстық іс тіркелді. Сонымен қатар, 2024 жылдың шілдесінде Ұлттық банктің негізінде алаяқтыққа қарсы орталық құрылды. Бұл орталық заңсыз транзакцияларды анықтап, жедел бұғаттауға және нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Оған 60-тан астам ұйым қосылған.

Азаматтарға кеңес: ешқашан телефон арқылы жеке мәліметтеріңізді, банк картасының деректерін бермеңіз. Банк пен құқық қорғау органдары сізге хабарласып, деректеріңізді сұрамайды. Күмән тудырған жағдайда, дереу банкке немесе 102 нөміріне хабарласыңыз.

Алаяқтардан сақ болайық!

Аманкелді АҚШАЛ.