Жезқазғанда жаңа спорт академиясы ашылады

Жезқазған қаласында 2026 жылдың қаңтар айынан бастап «CK-NAMYS» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы жұмысын бастайды. Жоба дарынды балаларды қолдауға бағытталған және мектеп-интернат үлгісінде ұйымдастырылған.

Академия «СК-NAMYS» қорының басқаруымен «КАНСК» спорт кешенінің аумағында салынды. Үш қабатты заманауи ғимараттың жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Нысан құрылысына 4 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталды.

Спорт кешенінің дайындығын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен компания басшылығы аралап көрді.

Академия құрамында:

күрес пен дене дайындығына арналған арнайы залдар;

150 орындық мінбері бар әмбебап спорт залы;

би залдары;

150 орынға арналған жатақхана қарастырылған.

Академияда спорттық дайындық оқу процесімен қатар жүргізіледі. Жалпы білім беру сабақтары Жезқазған қаласындағы №24 мектептің базасында өтеді.

Қабылдау шарттары бойынша академияда 10–16 жас аралығындағы 150–200 бала білім алады. Қазіргі таңда Ұлытау облысының бірқатар аудандарынан және Қостанай облысының Арқалық қаласынан 152 бала іріктеліп алынған. Тәрбиеленушілер толықтай тегін жатын орынмен, тамақпен және спорттық киіммен қамтамасыз етіледі.

Жаңа академияның іске қосылуы өңірде спорттық әлеуетті арттырып, жас спортшыларды тәрбиелеуге, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Жоба «Қазақмыс» компаниясының әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы бастамалары аясында жүзеге асырылып отыр.