Жезқазғанда ТЖМ авиациялық-құтқару отрядына арналған жаңа ангар пайдалануға берілді

Жезқазғанда ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің жаңа авиациялық-құтқару отряды жұмысын бастады. Отряд тәулік бойы ұшуға дайын тұру үшін Ми-8 тікұшағымен және жеке ангарымен қамтамасыз етілген. Базасы – қала әуежайы.

Бөлімшенің ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев қатысты.

Тікұшақты орналастыруға және қызмет көрсетуге арналған ангар «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қаражаты есебінен салынды.

Ғимарат Ми-8 тікұшағының техникалық күтімі, тұрақтау және жөндеу жұмыстарына арналған. Ішінде ұшқыштар мен механиктерге арналған жұмыс және тұрмыстық аймақтар қарастырылған: демалыс бөлмелері, душ, киім ауыстыратын бөлмелер және жиналыс өткізуге арналған кабинет.

Авиациялық бөлімшенің құрылуы өңірдің төтенше жағдайларға жедел ден қою жүйесін күшейтеді және санитарлық авиацияның мүмкіндіктерін кеңейтеді.