Жезқазғанда ТКШ, құрылыс және экономика мәселелері кезекті аппараттық кеңесте талқыланды

Бүгін облыс әкімі Б.Әбдіғалиұлының төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен кәсіпорындардың басшылары, қалалар мен аудандардың басшылары қатысты. Күн тәртібінде үш мәселе талқыланды.
 Құрылыс және күрделі жөндеу нысандары туралы облыс әкімінің орынбасары Ұ.Үсенов баяндады. Қазіргі уақытта өңірде 10 нысан салынуда (оның ішінде-Жезқазған қаласының Теректі станциясындағы 80 орындық мектеп, Жаңаарқа ауданының Ақтөбе ауылындағы спортзалға қосымша, Сәтбаев қаласындағы балабақша мен Оқушылар сарайы, Ұлытау ауданының Жезді кентіндегі және Жаңаарқа ауданының Жаңаарқа кентіндегі ДСК), тағы 3 күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде (Жезқазған қаласының көпсалалы ауруханасының онкологиялық орталығы, Сәтбаев қаласы мен Жезді кентіндегі аурухана).
 Денсаулық сақтау саласына, оның ішінде ауылдық жерлерде де ерекше көңіл бөлінеді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ұлытау ауданында 4 фельдшерлік-акушерлік пункт салу басталды. Олар Байдалы би, Бидайық, Қаракеңгір және Сарысу ауылдық округтерінде пайда болады.
 Б.Әбдіғалиұлы құрылыс процесінде туындаған барлық проблемалық мәселелерді пысықтауды тапсырды. Олар Қарағанды облысының бөлінуімен де байланысты.
 Ұ.Үсенов сондай-ақ, жиналғандарды жылу беру маусымының өтуі туралы хабардар етті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда барлық көпқабатты үйлер мен әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандарда қажетті температуралық режим сақталады. Жезқазған ЖЭО қарамағында 97 025 тонна көмір (20 күнге қор) және 1 812 тонна мазут (90 күнге қор) бар. Мамандар күн сайын жанармай жеткізу мәселесін бақылап отыр.
 Өңір басшысы арнайы жұмыс тобының мүшелеріне ғимараттарда қажетті температураны ұстап тұру үшін әлеуметтік нысандарға (мектептер, балабақшалар, ауруханалар) мониторинг жүргізуді тапсырды.
 2023 жылғы 1 қаңтарға бюджеттің күтілетін орындалуы туралы облыс активіне қаржы басқармасының басшысы А.Сыздықова айтып берді.
Сондай-ақ, аппараттық кеңес барысында Ұлытау облысының әкімі кадрлық тағайындау туралы жариялады. Сауда департаментінің басшысы болып Е.Байсбай тағайындалды.
 Жиын марапаттау рәсімімен аяқталды: Б.Әбдіғалиұлы С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының директоры Д.Сәкенге ҚР Президентінің театрдың 50 жылдық мерейтойына арналған құттықтау хатын табыс етті.